ОҚО әкімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілімен кездесті

982

ОҚО әкімі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілімен кездесті

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі, Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы О.Честнов және елдік кеңсенің ұлттық үйлестірушісі С.Егеубаевамен кездесті. Басқосуда тараптар облыс халқының денсаулығы және әлеуметтік ахуалын, сондай-ақ халықаралық ұйыммен бірлесе атқарылатын шаруаларды әңгімеге арқау етті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы қонақтарға өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік жағдайын таныстыра келе, халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

"Біздің облыс халық саны жағынан Қазақстандағы бірінші орындағы аймақ. Демек, басқа өңірлерге қарағанда оңтүстікте медициналық көмекке жүгінетін азаматтардың қатары да аз емес деген сөз. Сондықтан да мемлекеттің қолдауымен өңірімізде бірқатар медициналық нысан бой көтеруде. Ендігі жерде сіздер арқылы заманауи технологияны қолдана отырып, салауатты өмір салтын нығайта түссек дейміз", – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі оқу орындарында ДДҰ кафедрасын ашуды және достастық орталығын ашуды ұсынды. Халықаралық ұйыммен байланысты нығайта отырып, денсаулық сақтау саласын жандандыру жолдарын айтты.

Өз кезегінде О.Честнов та бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін айта келе, арнайы меморандумға отыруды ұсынды. Сонымен қатар, алдағы күндері облысымызда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы жобалар дайындауға кірісетіндерін жеткізді.
Жиын соңында аймақ басшысы қонақтарға сый-сияпаттар табыс етіп, естелікке суретке түсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу