ОҚО әкімі ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын еріктілермен кездесті

1144

ОҚО әкімі ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын еріктілермен кездесті

Оолыс әкімі Жансейіт Түймебаев елордасы – Астанада ұйымдастырылатын "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушы ерікті жастармен кездесті, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өңірдегі арнайы іріктеуден сәтті өткен 100 еріктімен болған жүздесуде облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сейітжаппаров баяндама жасап, бүгінгі дайындық жұмыстарына тоқталды.
Айтуынша, халықаралық шара басталғанға дейін еріктілердің сан түрлі білімін шыңдап, пысықтау жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, арнайы мамандар Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік саласы аясында бір ай көлемінде 80 сағат семинар-тренинг өткізеді. Оның нәтижесі бойынша облыстағы 6 аудан, қаладағы тарихи киелі жерлерге саяхат жасалып, ерікті жастарға арнайы логотипі бар бейсболка, футболка, мойынорағыш және сырт киімдер таратылады. "Астана ЭКСПО-2017 Ұлттық компаниясы" АҚ тарапынан ОҚО-ның 100 ерікті жасына арнайы логотиппен бекітілген киім, жатын орын (3 мезгіл тамақтану қамтылған) және мобильді байланыс құралымен қоса, қала аумағындағы қоғамдық көліктерде және көрме өтетін павильондарда тегін кіру мен тегін жүру билеттерімен қамтамасыз етіледі", - деді басшының міндетін атқарушы.

Жиында шара кезінде облысымызға келетін шетелдік туристерді күтіп алып, өңірмен таныстыру мақсатында да аймақтың барлық аудандарында еріктілер жасағы құрылып, осы жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында Шымкент қаласы мен облыстың туристік-мәдени кешендерінде ("Rixos Khadisha" қонақ үйі, "Шымкент Плаза" ойын-сауық орталығы, Арыстан баб кесенесі, Қ.А.Яссауи кесенесі және т.б.) ерікті жастар ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы ақпараттың халыққа насихатталатыны айтылды. Мұнан бөлек, отырыста ерікті жастардың жетекшісі Ботагөз Ізтілеуова дайындық барысы туралы баяндап, кезігіп жатқан өзекті мәселелерге тоқталды. Ал бірқатар волонтерлар шет тілдерінде пікір білдіріп, аймақ басшысымен ой бөлісті. Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы ерікті жастардың бұл жұмыстары еліміз үшін өте маңызды екеніне тоқталып, шетелдік қонақтарға тиісті деңгейде қызмет ету қажеттігін айтты. Еріктілерге білімдері мен біліктіліктерін одан әрі шыңдау керектігін жеткізіп, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен қатар, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге, ділімізге қатысты мәліметтерді біліп, жан-жақты болулары керектігін ескертті. Айта кету керек, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық шарада шетелден келген қонақтарға гид-экскурсоводтық қызмет көрсетуге 3 мыңдай ерікті жұмылдырылмақ. Олардың 1500-і Астана қаласынан болса, 100-і ОҚО-дан, ал қалғандары басқа өңірлерден жиналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу