Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған жұмыс тобы Өзбекстан Республикасына барды. Делегация құрамында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және индустрия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты өкілдер болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шекаралық аймақтағы қазақ-өзбек қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында ұйымдастырылған іссапар барысында оңтүстікқазақстандық делегация мүшелері ел астанасы – Ташкенттің сәулетімен танысып, инфрақұрылым жүйесіне мән беру, ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесін бөлісу, бауырлас елдің мәдени-рухани байланысын нығайтып, ондағы қандастарды сан салада қолдау мәселелеріне назар аударды.
Аймақ басшысы бастаған жұмысшы топ іссапар кезінде, Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесті. Сөз басында премьер-министр орынбасары облыс әкімінің Ташкентке арнайы жұмыс сапарымен келгеніне алғысын білдіріп, елдің Тәуелсіздік алған жылдардан бергі әл-ауқатын көтерудегі жетістіктері мен оны одан әрі дамыта түсудегі жоспарымен бөлісті.
Вице-премьермен болған отырыста өңір басшысы қос мемлекеттің туризмді дамытудағы ортақ мүдделері мен шекаралық аймақта орын тепкен ОҚО аудандарының ауыз су мәселесін де талқыға салды.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстаннан Өзбекстанға экспортталған тауарлардың құны былтыр 274 млн АҚШ долларын құраса, Өзбекстаннан өңірімізге импортталған өнімдердің қаржысы 375 млн АҚШ долларына жеткен.
Өзбекстанға сапары кезінде, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласының әкімі Рахманбек Усмановпен кездесті.
Өзара әңгімеде шаһар басшысы Ташкенттің күнгей аймағымен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарының нығайып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Өзбекстан астанасында бүгінде 55 мыңнан астам кәсіпорын шағын және орта кәсіп аясында жұмыс істесе, оның басым бөлігі қызмет көрсету саласы мен өнеркәсіп үлесінде екен. Қалада жыл сайын бизнес бастап, ісін жолға қойып жатқан кәсіпкерлер көбейген. Мәселен, жыл басынан бері бір ғана Ташкенттің өзінде 2,5 мыңға жуық кәсіпорын ашылып, жұмысын бастап кетіпті.
Сөз кезегін алған аймақ басшысы Ташкенттің сәулеттік сәні жағынан сұлу қалалардың біріне айналғанын тілге тиек етіп, бірқатар жобада бірлесіп жұмыс істеуге дайындығын мәлімдеді. Мұндағы шаруалардың ауыл шаруашылығындағы жетістігіне тәнті болған әкім көрші елдің үздіктерін өңірімізге арнайы шақырып, сәуірдің соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыру жөнінде келісім жасады.
Жалпы Өзбекстанға жасалған екі күндік іссапар кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған делегацияны Ташкент облысының әкімі Шукрулла Бабаев түрлі саладағы жұмыспен таныстырып, ондағы трактор шығаратын зауытты, жеміс-жидектен құрғақ өнім дайындайтын өндіріс орындарын, табиғи тас алатын карьерді көрсетті.
Сонымен бірге оңтүстікқазақстандық топ мүшелері туысқан елдегі Жоғарғы Шыршық ауданы мен Алмалы қаласында болып, ондағы қандастарымыздың наурыз дастарханынан дәм татты. Өзбекстандағы қазақ жастарын елімізге шақырып, жоғары білім беру, мәдени-рухани байланысты арттыру сынды мәселелерде жан-жақты қолдаудың болатынын жеткізді.
Тамыры бір туысқан елдердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілуі шекаралық өңірлердің әлеуметтік ахуалына оң ықпалын тигізері анық. Қос тараптың өкілдері де келіссөз барысында мұны айқындай түсіп, ортақ мақсатқа бірлесіп жұмылатын болып тарқасты.