ОҚО әкімі Үндістан елшісімен кездесті

925

ОҚО әкімі Үндістан елшісімен кездесті

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумармен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарды талқылады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев мәртебелі мейманға жылдың басында ресми түрде басталған Қазақстандағы дипломатиялық миссиясына сәттілік тілеп, ынтымақтастық жылдарында Қазақстан мен Үндістан ірі сауда және инвестициялық әріптеске айналғанын атап өтті.

Бүгінде екі ел арасында өзара тиімді серіктестік пен өте тығыз қарым-қатынас орнатылған. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанға Үндістаннан 339,6 млн АҚШ долларын құрайтын инвестиция тартылған. Ал өткен жылы қос елдің арасындағы тауар айналымы - 945,7 млн АҚШ долларын құраса, оның ішінде экспорт - 733,2 млн АҚШ долларын, импорт - 2,12 млн АҚШ долларын құраған.

Оңтүстік Қазақстан халқының тығыз орналасу жағынан Қазақстандағы алғашқы облыстардың бірі екенін айтқан өңір басшысы мұнда өндірістік және экономикалық әлеуеті мол аграрлық-индустриялық аймақ екенін жеткізді. Сондықтан да Оңтүстік пен Үндістанның өңірлері арасында өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндіктің мол екеніне сенім білдірді.

Өз кезегінде Үндістан елшісі туризм, мәдениет және білім саласында әріптестікті дамытуға дайын екенін айтып, 2017 жылдың сәуір айында Үндістан делегациясы Оңтүстік Қазақстанда жұмыс сапарымен болғанын еске салды. Мақта экспортын дамыту бойынша құралған үндістандық делегаттар оңтүстік өңіріндегі бірқатар жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысқанын айтқан елші осы бағытта да әріптестік орнатуға дайын екенін мәлім етті.

Сонымен қатар, осы күні Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумардың қатысуымен Шымент қаласындағы дендросаябақта ағаш отырғызылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу