Шымкентте өңіраралық "WorldSkills Kazakhstan- 2018" чемпионаты басталды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ә.Бектұрғанов бастаған мәжіліс депутаттары, "Нұр Отан" партиясының орталық аппараты мен ҚР білім және ғылым министрлігінің өкілдері және Өзбекстан Республикасы мен Жамбыл, Қызылорда облыстарынан делегаттар, облыстық мәслихаттың депутаттары сынды 500-ден астам адам қатысты. Білім сайысының қатысушыларына сәттілік тілеген облыс әкімі бүгінде елімізде техникалық-кәсіптік мамандарды даярлауға үлкен мән беріліп отырғанын атап өтті.
Салтанатты шараға қатысушы қонақтар студенттер жасаған ауыл шаруашылығы техникаларынан ұйымдастырылған және шығармашылық-инновациялық жобалық көрмелермен танысты.
Айта кетейік, өңіраралық чемпионатқа Қызылорда, Жамбыл, ОҚО колледждерінен 123 студент қатысуда. Төрт күн бойына жалғасатын білім жарысында қатысушылар инженерлік, сантехника және жылыту, веб-дизайн, электрмонтаж, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, кескіндеме және сәндік жұмыстар, мобильді робототехника сынды 30 мамандық бойынша бақ сынамақ. Жарыс жеңімпаздары 2018 жылы маусым айында Астана қаласында өтетін ұлттық чемпионатқа қатысатын болады.
Еске салсақ, былтырғы "WorldSkills Kazahstan -2017" ұлттық чемпионатында ОҚО-дан қатысқан студенттер 1 алтын медаль, 5 күміс медаль иеленді, ал жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Ұлыбритания, Жапония, Қытай, ТМД елдері қатысқан "WorldSkills Rossia - 2017" халықаралық чемпионатында ІІІ орынды жеңіп алды.