Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің ОҚО облысы бойынша департаменті, "Даму" ОҚО фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы препараттар бағасының қымбаттауына жол бермеуге бағытталған меморандумға қол қойды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Мұндағы келісімге сәйкес 150 түрлі препараттың құны жыл соңына дейін өзгермейді.
Облыс әкімдігінде өткен меморандумға қол қою шарасына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен дәріхана ұйымдарынан 40 фармацевтикалық ұйым басшысы қатысты. Енді отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруші компаниялар мен шетелдік тауарлардың ресми дистрибьюторлары 150 дәрілік заттың бағасын жыл соңына дейін көтермейді.
"Меморандумға 150 түрлі дәрі-дәрмек енгізіліп отыр. Өйткені бұл дәрілердің әлеуметтік маңызы зор. Осылайша біз облыс тұрғындарының басым бөлігіне қолдау көрсетеміз. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау білдіріп, келісімге қол қойып отырған дәріхана басшыларына оңтүстік жұртының атынан ризашылығымды білдіремін", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, бұл жолғы келісім облыстағы фармацевтикалық мекеме мен дәріханада сатылатын дәрілік заттың бағасын тұрақты ұстауға, сонымен қатар бағаның негізсіз көтерілуінен тұтынушылар құқығын қорғау және әлеуметтік алаңдаушылықты болдырмайды.
Фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Л. Қашқымбаева ірі тасымалдаушы фирмалармен келісімшарт жасалып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ ол дәріхана желілерінің әлеуметтік жауапкершілігі туралы да атқарып жатқан жұмысын баяндады.
Кездесуге қатысушылар тиісті меморандумға қол қою халық арасында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды қадам екенін айтты.