Үкімет отырысында еліміздегі күзгі астық жинау жұмыстарын жүргізу барысы талқыланды. Елімізде 12 қыркүйектегі жағдай бойынша 11,6 млн гектар астық орылған. Әзірдің өзінде орташа 12,6 центнер түсімділікпен 14,7 млн тонна астық бастырылыпты. Астық жинау қарқыны өткен жылдың деңгейінен 2,5 млн гектарға артық, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 219,5 мың гектар егіс көлемінің 84,7 пайызы жиналды. Бидай мен арпа ору жұмыстары 216,5 мың гектар жерде толығымен аяқталып, әр гектардан 18,4 центнерден 400 мың тоннаға жуық өнім алынды. 37,5 мың гектар дәндік жүгерінің 3,0 мың гектары жиналып, қамбаға 13,5 мың тонна өнім түсті.
Оңтүстіктегі дәнді-дақылдарды жинау ағымдағы жылдың қазан айының ортасында аяқталады деп жоспарлануда. Мәселен, мақсарының егіс көлемі облыс бойынша 112,1 мың гектарды құраса, оның 83,6 гектары жиналып үлгерген. Ал, өнім түсімділігі 7,7 центнерді құрап отыр. Күзгі егін жинау жұмыстарына Үкімет тарапынан шілде-қыркүйек айларына 39 мың тонна жанар жағар май бөлініп, жанар жағар майдың 19,5 мың тоннасы шаруаларға таратылып берілген.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін әртараптандыру нәтижесінде мақта дақылы 2016 жылмен салыстырғанда 25,0 мың гектарға артып, 134,6 мың гектарды құраған. Күзгі жиын-терімде өңір мақташылары 314 мың тонна шитті мақта жинауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, облыс бойынша көкөніс, бақша, картоп жинау жұмыстары жүргізіліп, 2233 мың тонна өнім жиналып 95 пайызды құрады. Жиналған өнімдер негізінен республиканың басқа аймақтары мен көрші мемлекеттерге жіберілуде.
Үкімет отырысында халықты денешынықтыруға тарту және спорттық нысандарда инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды. Бүгінгі таңда облыста спорттың 63 түрі дамытылып, 87 мемлекеттік спорт мекемелерінде 54 мың спортшы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Оларға 2400-ге жуық жаттықтырушы қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылдың 8 айында бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс аумағында жалпы 3060 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 360 мыңнан аса адам қатысқан. Облыстағы дене шынықтыру мен спортты дамытуға биылғы жылға 12,4 млрд. теңге қаралған. Ағымдағы жылы облыс спортшылары спорттың 63 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып 391–алтын, 384–күміс, 378–қола медаль жеңіп алған.