ОҚО-да алғыс айту күні кең көлемде аталып өтеді

1386

ОҚО-да алғыс айту күні кең көлемде аталып өтеді

Биыл ОҚО-да 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде аталып өтілмек. Жаңа мазмұнда өткізілетін мерекелік шаралар оңтүстікте 20-ақпан мен 1-наурыз аралығында 10 күн бойы жалғасады. Бұл туралы облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов мәлім етті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, елді бірлікке үндейтін мерекенің түпкі мәні – кезінде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа алғыс айтуын көздейді. Он күндік мерекені жер-жерлерде ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге арнайы атаулар берілген.
"20 ақпан – Тарихқа тағзым күні деп белгіленді. Ал 21 ақпан – Қайырымдылық күнінде облыс аумағында "Жан жылуы" тақырыбында акция ұйымдастырылып, жалғызбасты және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға көмек беріледі. 22 ақпан – Шабыт күнінде "Ынтымағы жарасқан Қазақстан" тақырыбында өңірдегі қолөнер бұйымдары мен шығармашылық өнер туындылары көрмесі ұйымдастырылмақ.
Бұдан бөлек, 23 ақпан – Көршіге ізет, 25 ақпан – Құрмет, 26 ақпан – Өлкетану, 27 ақпан – Келісім, 28 ақпан – Ықылас, 1 наурыз – Алғыс айту күні деп белгіленіп, әр күн атауына сай шаралар өтетін болады.         
Айта кетерлігі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Өңір тұрғындарының ұлттық құрамы бойынша 72,9 пайызын - қазақтар, 16,8 пайызын - өзбектер, 4,5 пайызын - орыстар, ал 5,7 пайызын - өзге этностар құрайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу