Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына балмұздақпен уланып түскендер саны 188-ге жетті. 28, 29-наурыз күндері 36 адам стационарлық ем алуға жатқызылса, 30-наурыз күні балмұздақтан уланғандар қатары 79 болған. 31-наурыз күні дәл осындай диагнозбен 52 адам ауруханаға түссе, 1-ші сәуірде 20 адам шағымданып келген, деп хабарлайды otyrar.kz.
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабековтың айтуынша, балмұздақпен ұшынғандардың басым бөлігі дәрігердің көмегіне дер кезінде жүгінбеген. Сөйтіп уақыт созып, жағдайларын ауырлатып алған дейді бас дәрігер. Ауруханаға түскен науқастардың 99 пайызы жедел жәрдем қызметі арқылы жеткізілген.
Кеше балмұздақтан уланғандардың 6-ауы керекті ем домын алып, жағдайлары жақсарған соң ауруханадан шығарылды. Бүгін бас дәрігердің сөзіне қарағанда тағы 35-40 науқас үйлеріне жіберіледі. Жан сақтау бөлімінде жатқан науқастар да жалпы ем қабылдау палаталарына шығарылған.
Шымкенттегі балмұздақтан жаппай улану оқиғасынан соң облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі жұқпалы аурулар ауруханасына арнайы келіп, науқастармен жүздесіп, хал-жағдайларын біліп қайтыпты. Дәрігерлерге арнайы тапсырма берген.