ОҚО-да балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

720

ОҚО-да балық шаруашылығын дамытуға күш салынады

Оңтүстік шаруалары өзара тәжірибе алмасып, кооператив құру ісіне жаппай жұмылуы тиіс. Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді бірігіп, ұжымдасып шешуге ықпал етеді. Сондай-ақ мемлекет бөліп отырған түрлі жеңілдікке қол жеткізуге септігін тигізеді. Бұл туралы Түлкібас ауданы, Керейт ауылында өткен "Кооперация-агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі" атты көшпелі семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Семинарға қатысушылар алдымен 2012 жылы өңірлік индустриялық карта аясында іске қосылған "Ақсанат Инжиниринг" ЖШС-ның бекіре тұқымдас балық өсіру фермасының жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 452,0 млн теңге. Кәсіпорын жылына 40 тонна балық еті мен 30,0 келі қара уылдырық өндіруге қауқарлы. Балық өсіру ісінде мол табысқа кенеліп отырған "First Fish Company" ЖШС шараға қатысушыларға балық өсірудегі тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, қазіргі таңда облысымызда балық өнімдерін қайта өңдейтін – 3, балық өсіретін 28 шаруашылық бар. Олар 2016 жылы 5213 тонна балық өнімдерін өндірген.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі басымдықтарға тоқталып, шаруаларды кооперативтерге бірігуге шақырды.

"Біздің облыстың болашағы – ауыл шаруашылығында. Сондықтан тәжірибесі мол шаруа қожалықтары тірлігін енді бастаған әріптестеріне барынша қолдау білдіруі қажет. Білгенін үйретіп, аяқтан тұруына көмек қолын созғаны абзал. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге, ірі жобаларды іске асыруға кіріктіруге болады. Бұл мемлекеттен бөлінген субсидияға қол жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы, Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы дамиды", – дейді облыс әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу