ОҚО-да бірлік күнінде 1 мың домбырашы күй орындады

652

ОҚО-да бірлік күнінде 1 мың домбырашы күй орындады

Шымкент қаласы Әл-Фараби алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара өтті. Отанымыздың ең маңызды мейрамдарының біріне арналған мерекелік шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, барша өңір халқын Бірлік күнімен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

"Халқымызда "Бақ қайда барасың − ынтымаққа барамын" деген дана сөз бар. Елдік болмысымызға тән бұл ұғымды тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекеттің ғұмырлы болуына өзек еттік. Бірлікті басты байлығымыз – Тәуелсіздіктің арқауы етіп айшықтадық. Елбасымыз ұсынған жол, жұрт болып жұмыла ұстанған саясат ширек ғасырда жемісті нәтижесін берді. Бүгінгі Қазақстан бірлігі бекем, тірлігі келіскен, ынтымағы жарасқан елге айналды. Жеткен жетістігіміз бен алған асуымыз аз емес. Бүгін біз Ұлы даланың ұлағатымен Мәңгілік ел құруға қадам бастық. Күн сайын құбылған замананың иіріміне төтеп беретін қуатты мемлекетті жасақтаудың қамына кірістік. Елеулі өзгеріс қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Жалпыұлттық жаңғыру саяси экономикалық салалармен қатар, азаматтық санаға да серпіліс алып келмек", – дейді әкім.

Салтанатты жиында аймақ басшысы елдегі этносаралық татулық пен қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосқан өңірдегі 18 этномәдени бірлестікке облыс әкімінің "Бауырмал" сыйлығын табыстады.

Еліміздің басты мерекелерінің бірін тойлауға келген жұртшылық "Ақ көгершін" композициясын тамашалап, ынтымағы жарасқан түрлі этнос өкілдері өнерпаздарының әнін тыңдады. Сонымен бірге, жиылған жұртшылық бір мезетте 1 мың домбырашының орындаған күйін тыңдаса, "Мәңгілік ел" образында безендірілген машина, Алтын адам киіміндегі 20 салт атты шеруін көрді.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда бүгінгі таңда 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірлесе еңбек етіп келеді. Ал облыстағы 20 этномәдени орталық пен аудан, қалалардағы 51 филиалда әр этностың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне байланысты түрлі іс-шараны өткізуіне барлық мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар, этномәдени орталықтар жанында 17 жастар қанаты мен 11 жексенбілік мектебі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу