Шымкент қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты басталды, деп жазады облыстық әкімдіктің ресми сайты.
"Жеңіл атлетика" спорт кешенінде шымылдығын түрген ел біріншілігіне еліміздің Астана, Алматы қалалары мен облыстарынан 400 спортшы 24 салмақта өзара мықтыларды анықтайды.
Ел чемпионатының ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, бабы келіскен балуандарға сәттілік тіледі.
"Жарысқа қатысып жатқан спортшыларымыздың арасынан алдағы уақытта Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров ағаларымыз сияқты саңлақтардың шығатынына күмәнім жоқ. Ел чемпионатының Шымкент қаласында өтуіне ықпал жасаған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы басшылығына шынайы алғысымды білдіремін", – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Дүбірлі доданың құрметті қонағы 1980 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, грек-рим күресінен КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров балуандардан тартысты бәсеке күтетінін жеткізді.
"Ел чемпионатына кіл мықтылар жиналып отыр. Ендігі мәселе – тартысты да, тартымды өнер көрсету. Осы жарыс қорытындысына сай ел құрамасының мүшелері анықталады. Сондықтан бар күш-жігерлеріңізді салып, биік тұғырдан көрінулеріңізге тілектеспін", – деді атақты балуан.
Чемпионатқа грек-рим күресі бойынша әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Досжан Картиков, әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Нұрмахан Тыналиев, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Даниал Гаджиев сынды мықтылар да қатысып, бақ сынауда.
Ал, әйелдер күресінен Олимпиада ойындарының 3-дүркін жүлдегері Гюзель Манюрова, Олимпиада ойындарының жүлдегері Эльмира Сыздықова, Олимпиада ойындарының жүлдегері Екатерина Ларионовалар өнер көрсетеді.
Еркін күрестен Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, әлем чемпионатының жүлдегері Нұрлан Бекжанов пен Дәулет Ниязбековтер белдесетін болады.
Айта кетейік, 25 ақпанда бастау алған ел біріншілігі 1 наурызға дейін жалғасатын болады.