ОҚО-да "Нұрлы жер" бағдарламасымен көпқабатты 364 тұрғын үй салынуда. Бұл туралы селекторлық мәсіжілісте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Басқарма басшысының айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы негізгі 5 бағытта жүзеге асырылып жатыр. Оның алғашқысы – ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру жобасымен 96 тұрғын үйдің құрылыс басталған. Ал жеке құрылыс салушылар есебінен 107 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесі арқылы 73 кередиттік тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек, жалға берілетін тұрғын үй қоры құрылып, 88 жеке тұрғын үйдің құрылысы қолға алынатын болады. Осының нәтижесінде өңірде сатылатын пәтер саны көбейіп, ипотекалық кредит алушылар саны арта түспек.
"2017 жылы облыста 16 жеке салушылар есебінен 107 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы 11 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланса, 96 үйдің құрылысы 2018 жылға жалғасады. Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру мақсатында жалпы құны 17,5 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны іске асыру үшін құжаттар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда", - дейді Құттыбек Жамашеев.
Жиын барысында облысымызда құрылыс жұмыстары кестеден кешеуілдеп жатқан мектептердің де жай күйі сөз болды. Бұл ретте Шымкент қаласындағы "Таскен тұрғын алабындағы №103 орта мектебіне 600 оқушы орындық жаңа оқу блогын салу" нысаны бойынша қаржы жоспарға сәйкес 100 пайыз игерілген. Алайда, Б корпусының құрылысында 10-15 күн өндірістік кестеден кешігу байқалады.
Сонымен қатар, орындалған жұмыс көлемінің жоқ болуына байланысты есепті кезеңге жоспарланған 650 млн. теңгенің 66 млн. теңгесі игерілмеген. Сондай-ақ Қазығұрт ауданы Қызылсеңгір елді мекеніндегі 300 орындық орта мектептің А блогының құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік кестеден 5-10 күн шамасында кешігуде. Дәл осындай кемшілік Мақтарал ауданы Фердауси ауылындағы Фердауси атындағы 600 орындық мектеп пен Ордабасы ауданы Шұбар су ауылындағы 600 орындық білім ұясының құрылысында да қайталанып отыр.
"Мектеп құрылысын кестеден кешеуілдеткендер жауапқа тартылады. Осы ретте құрылысы жұмыс кестесінен кешеуілдеп жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарының уақытылы және сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейтуді, жыл қорытындысымен ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстарды толық орындау арқылы, қаржыларды тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиынды қорытқан өңір басшысы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үй мен Ұлттық қор қаржысы есебінен бой көтеріп жатқан мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтауды қадағалауды аудан, қала әкімдеріне тапсырды.