ОҚО Түлкібас ауданында "Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы" республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Фестивалге өңір әкімі Жансейіт Түймебаев, мәслихат депутаттары, облыс ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар және туризм саласындағы кәсіпкерлер мен туристік компаниялар, шетелдік қонақтар, фестивальге қатысушы қылқалам және фото суретшілер мен ақындар және жастар қатысуда.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған әкімі алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Ақсу-Жабағылында және Шұбайқызыл аталатын теңдесі жоқ төбеде өсетінін атап өтті.
"Шұбайқызыл шоқысы еліміздің "Қызыл кітабына" енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу баршамыздың міндетіміз. Сондықтан да биылдан бастап әр аймақта қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр", - деді әкім.
"Текті төрім - Түлкібасым" театрландырылған - хореографиялық қойылыммен бастау алған іс-шарада "Шұрайлым - Шұбайқызылым" жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталып, көрермендерге арналған концерттік бағдарламамен ұласты.
Жалпы іс-шараға 5 мың шамасында адам қамтылды. Сонымен бірге келушілер қылқалам және фото суретшілердің көрмесі мен мемлекеттік табиғи парктер шеруін тамашалады.
Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихта бұл жерді "Красная горка", кейіннен "Қызыл төбешік" деп атаса, қарымды қаламгер М.Байғұт бастамасымен "Шұбайқызыл шоқысы" атауы қайта берілді. Бүгін аталған төбеге "Қызғалдақ" белгісі орнатылды.