Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы жылдары мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 30 жоба жүзеге асырылмақ. 6 жобаның бүгінге дейін жеке әріптесі анықталса, қалған 24 жоба аясында тиісті құжаттар әзірленіп жатыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жобалардың басым бөлігі білім саласына қатысты. Мәселен, салаға қатысты 17 жобаның 11-і балабақша, сауықтыру лагері – 2, мектеп – 1, мектеп-интернат – 1, туристер станциясы біреу болса, тағы біреуі өнер мектебі. Ал медицина саласына қатысты 5 емхана салу мен "Шымкент қаласындағы жедел жәрдем стансасын модернизациялау" жобалары және 7 спорт кешенін салу күн тәртібінде тұрған іс.
Балабақшалардың басым бөлігі, яғни 4 мектепке дейінгі мекеме Сайрам ауданынан бой көтерсе, Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалалары мен Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар, Түлкібас ауданында да бүлдіршіндерге арналған 75, 100, 240, 280, 320 орынды балабақшалар салынады.
Спортқа қатысты нысандарды Төлеби (2), Шымкент (2), Бәйдібек (2) және Түлкібас (1) аудандарында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал емханалар құрылысы Мақтаарал, Сайрам аудандары мен Кентау және Шымкент шаһарында жүргізілмек.