Бүгін "Химфарм" АҚ-да қатты пероральды дәрі шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жылына 200 миллион таблетка шығаруға қауқарлы жаңа цехтың жобасы Polpharma (польфарма) тобы мамандарының қолдауымен жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
SANTO зауытының 135 жылдығы аясында іске қосылған цехтың ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР ИДМ инвестициялар комитетінің төрағасы болып Сапарбек Тұяқбаев, Польша мемлекетінің Экономикалық даму вице-министрі Тадеуш Костинский, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюробекова, сонымен бірге SANTO компаниясының бас акционерлері мен компания серіктестері және БАҚ өкілдері қатысты.
Компанияның мерейтойлық салтанатты шарасында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев зауыт басшылары мен қызметкерлерін бүгінгі қос қуанышпен құттықтады.
"Бүгін біз "Химфарм" АҚ-ның қатты дәрі шығаратын жаңа цехының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. 1882 жылы құрылған "Химфарм" АҚ республикамыздағы ескі фармацевтикалық кәсіпорындардың бірі. Бүгін міне аталған кәсіпорынға 135 жыл толып отыр. 2011 жылдың тамыз айынан кәсіпорынның серіктесі еуропалық "Polpharmagroup" компаниясы болып келеді. Кәсіпорынның өркендеп дамуына тілектестігімді білдіре отырып, ел экономикасының дамуына қосар үлестеріңіз көп болсын деймін. Зауыт жұмысшыларының істеріне сәттілік тілеймін",- деді әкім.
Польфарм компаниясы фармацевтикалық өнімдердің жаңа түрлерін жаңғырту және өндіру мақсатында "Химфарм" АҚ-на 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазіргі уақытта компания дәрі-дәрмектер өндірушілердің арасында жетекші орын алады және отандық дәрі-дәрмектер нарығының 40 пайызын, ал еліміздегі жалпы дәрі-дәрмектер нарығының 4 пайызын қамтиды.
Жаңа цех фармацевтикалық өнімдерге қойылатын GMP талаптарына сай салынған. Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы барып Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бөлігі болып табылатын аталмыш өндірістің құны 13,5 АҚШ долларын құрайды.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен SANTO компаниясының өнімдерін сатып алу кепілдігі беріліп отыр.
Бүгін біз қатты пероральды дәрілердің жаңа өндірісін іске қостық. Бұл 2011 жылдан бері ашылған, халықаралық GMP сапа стандартына сай келетін үшінші цех. Біздің дәрі-дәрмек Қазақстан мен көрші елдердегі амбулаториялар мен стационар емдеу мекемелерінде тиімді қолданылуда. SANTO-ның тұрақты және үдемелі дамуының тағы бір жобасын сәтті аяқтағанымызды мақтан тұтамыз, - деді компанияның бас директоры Ижи Урбанец.
"Химфарм" зауытының өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқа¬лық 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Компания өз өнімдерінің 90% ішкі нарыққа жеткізсе, 10%-ын бес елге экспорттайды. Яғни, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия және Түрікменстан.
Айта кетейік, 2016 жылы Польша Республикасы мен ОҚО арасындағы тауар айналым 13,3 млн. АҚШ долларын құраса, жыл басынан бері тауар айналым 8,5 млн. АҚШ долларын құрады.