Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында кооператив құру ісі қарқын алып келеді. Жергілікті "Март" ЖШС пияз кептіру цехын іске қосып, өнім өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының басын біріктірмек. Ондағы мақсат – пияз өнімін ысырапсыз жинап алып, уақтылы саудалап, жарамсыз күйге түскенін кәдеге жарату.
Цехтың құрал-жабдығын "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығы арқылы лизингке сатып алмақ. Кәсіпорынның ерекшелігі – нарықта сұранысқа ие болмай, қалдыққа айналған, даладан жинап алуға да жарамай қалған өнімді кептірумен айналысуында. Енді диқандар пиязын нарыққа шығарумен қоса, жарамайтынын "Март" ЖШС-ға жеткізіп беру арқылы, қалдықсыз әрі қосымша пайдамен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Оған қоса, шаруалардың бірігіп жұмыс істеуінің арқасында кооператив құрылып, кіші шаруа қожалықтары ірі кәсіпорынға айналады.
Айта кетейік, Ордабасы ауданындағы диқандардың негізгі бөлігі пияз өсірумен айналысады. Осыған орай ауданда "ОҢТҮСТІК" АИО өкілдері кооператив құруға ниетті шаруалардың басын қосып, семинар-тренинг өткізді.
"ОҢТҮСТІК" АИО дбасқарма басшысының орынбасары Дәулет Мамыров кооператив арқылы бірігіп жұмыс істеген шаруаларға мемлекеттен көптеген жеңілдік пен несие алудың жолын түсіндірді.
"Кооперативті қаржыландыру бізде басым бағыт ретінде қаралып отыр. Егер бірігуге ниетті шаруа қожалығы болса, бізден кеңес алуына болады. Сондай-ақ біздің орталық бизнес жоспар әзірлеу, құжат жинау секілді маңызды шаруаларға қол ұшын бере алады", – дейді Дәулет Мамыров.