ОҚО-да шатқал бағдарламасымен 400 мың көшет отырғызылды

984

ОҚО-да шатқал бағдарламасымен 400 мың көшет отырғызылды

Оңтүстік Қазақстан облысында "Шатқал" бағдарламасы жер-жерде қолға алынғалы өңірдің аудан, қалаларында 386631 түп жасыл желек отырғызылды. Бұған бағдарлама аясында Шымкентте ашылған төрт саябаққа егілген 20 мың түптен астам көшетті қоссаңыз, жасыл желектің жалпы саны 406631-ге жетеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сая беретін жапырақты ағаш отырғызу жұмысының көш басында аудан, қалалар ішінде Бәйдібек ауданы тұр. Ондағы табиғат жанашырлары бүгінгі таңда бағдарлама аясында 172 мың тұт ағашын, 3050 шырша және 22800 түп гүл көшетін Ақбастау ауылды округіндегі "Домалақ ана" кесенесінің маңындағы 20 га қоршалған жер мен Шаян-Екпінді жол бойындағы 5 га жерге отырғызды.

Желек отырғызу жұмысының көшін Отырар мен Төлеби аудандары жалғайды. Отырардағы Шілік, Темір, Шәуілдір, Отырар, Қоғам және Талапты ауылды округтерінде бүгінге дейін 53294 түп жасыл желек отырығызылса, Төлебиде 28 мың түптен астам қарағаш, арша және жеміс ағаштарын Леңгер қаласы мен Алатау ауылды округінің шекарасындағы Ленгер-Екпінді тас жолының екі жақ бетіне, Кемеқалған ауылды округі, Абай елдімекені Леңгер-Рабат тас жолының бойына, Бірінші мамыр ауылды округі, Жаңажол елдімекеніндегі Наурызтөбеге және елдімекендердің жол бойына еккен.

Сарыағашта да қайнаған шаруа. Ондағы республикалық маңызы бар автожолдың бойында орналасқан ауылды округтерде аумағы 11 шақырым сайлы, төбелі жерлерге 20 мың түп декоративті ағаштар – шырша, боз арша көшеттері егілді. Шардара ауданында бағдарлама аясында көгалдандыру жұмысы жолға қойылған. Ауданда "Жасыл аймақ" құру жоспары түзіліп, "Шардара-Абай" және "Шардара-Арыс" тасжолдарының бойында 3300 дана көшет жайқалып тұр. Шатқалдарды игеру шаруасы мұнымен тоқтамайды дейді аудандық жауапты мамандар. Сәуір айының соңына дейін 1 мың түпке жуық көшет отырғызылады.

Созақтықтар "Шатқал" бағдарламасымен 6 мың түп тал егу жоспарлағанын айтса, бүгінде 1030 түп декоративті көшет аудандағы 8 су қоймасының маңына отырғызылған. Және мұнда қазір 800 түп раушан гүлі өсіріліп жатыр. Сайрам ауданының табиғат жанашырлары да бағдарламаға қатысудан шет қалған жоқ. Сайрам мен Түлкібас аудандарының шектесер тұсында, яғни Машат асуындағы халықаралық автожолдың бойына 1200 түп түрлі жеміс ағашымен қоса, қылқанжапырақты және қаратал көшеттері отырғызылды.

Мақтаарал ауданында "Шатқал" бағдарламасымен 11 мың түп көшет отырғызса, қазығұрттықтар 40,8 га жерге 25610 дана көшет егуді жоспарлап, бүгінде 25,8 га жерге 16343 дана көшет отырғызды. Түркістанда да апта сайынғы сенбілік бос өтпейді. Онда бүгінгі таңда 17 мың түп көшет күтіп, бапталады. Ал Кентаудағы "Көк төбе" учаскесіне қондырылған 552 түп қарағаш келешекте шаһар тұрғындарына сая болар желектердің қатарына кіреді деген жоспар бар.

Арыстағы ағайынның да бағдарламаға қосқан үлесі мол. Шаһар тұрғындары қазіргі таңда "Қалау Датқа" тұрғын ауданындағы шатқалға 1100 түп көшет ексе, Арыс-Шымкент тас жолының бойындағы 12 га жер теліміне 5797 көшет отырғызды. Жасыл желектердің жартысы үйеңкі болса, қалғаны қаратал ағашы. Түлкібастағы 15 ауылды округте "Шатқал" бағдарламасының 6 мың көшеті өсіріліп, бапталып отыр. Ауылды округтердегі 34 га жерге түлкібастықтар емен, шырша, қаратал, терек, бозарша, сәмбі ағаштарының көшетін отырғызған. Ал ордабасылық тұрғындар бүгінге дейін 24165 түп көшет егіпті.

Жалпы, өңіріміздегі сай-саланы көгалдандырып, абаттандыруды көздейтін "Шатқал" бағдарламасын іске асыру жұмысы мұнан кейін де жүргізіле береді. Алаңдарға жасыл желек қондыру шаруасы жыл соңына дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу