ОҚО-да шегірткеге қарсы күрес басталды

662

ОҚО-да шегірткеге қарсы күрес басталды

ОҚО-да үйірлі шегіртке тектес зиянкестермен күрес сәуір айында басталады. Биыл 350 мың гектардан аса алқап өңделіп, өңдеу жұмыстарына 500-дей адам қатысады, деп хабарлайды otyrar.kz.

Шегірткемен күреске тас-түйін дайынбыз дейді инспекция басшысы. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып келеді, жеңімпаздар келесі айдың ортасында қызу жұмысқа кірісетін болады.

Күнгейде кездесетін итальяндық прус, марокко, азиялық шегірткелердің жайлап кетпеуі үшін 350 мың гектарда химиялық өңдеу жүргізіледі. Оған газагенератор, 8 дана АН-2 ұшағы, 66 дана аспалы бүріккіш аппараты жұмылдырылады деп күтілуде.

Нұржан Кашкенов, Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы: "Былтырғы жылы қанаттанып, күшіне мінген шегірткенің өңірдегі кей алқапты тып-типыл еткені есте. Қып-қызыл шығынға батқан дихандар жергілікті биліктен өтемақы талап еткен болатын. Алайда бұл төлем тиісті заңнамаларда қаралмағандықтан тұрғындарға тиын да төленбеді. Дегенмен зиянкестердің жайлауына жол беріп, болжам жұмыстарын дұрыс жүргізбеген мамандар жауапқа тартылды".

Былтыр 10 ауданды шегіртке жайлап, зиянкестер тіпті малға да тиген еді. Жайсыз жағдайды сабақ еткен мамандар болжам жұмыстарын сапалы жүргізу үшін аудан әкімдіктері тарапынан қосымша 300-дей анықтаушыны жұмылдырып, 50 жұмыс тобын құрдық деп отыр. Техниканы сайлап отырмыз деп сендіреді. Алайда тиісті сала мамандарының дайындығы маусым қызғанда сыналмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу