ОҚО-да тағы бір мешіт бой көтерді

1005

ОҚО-да тағы бір мешіт бой көтерді

Мешіт салу әрі оны көркейту – абыройлы да сауабы мол іс. Жер бетіндегі күллі мешіттердің иесі Алла Тағала. Сондықтан да құлшылық орны – мешіттер "Алланың үйлері" деп аталады. Олай болса, мұсылман баласы үшін мешіттен мәртебелі мекен жоқ.

"Көп түкірсе көл" дегендей, қалың жұрт жиналып салған "Көбей ата" мешіті салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек арнайы қатысып: "Аллаға сансыз шүкірлер, Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бастап жаңа мешіттер көптеп бой көтеріп жатыр. Кезекті қасиетті "Алла үйі" ОҚО Сарыағаш ауданы Жүзімдік ауыл әкімшілігі Қ.Сәтбаев елді мекенінде халыққа қолданысқа берілді. Осы тұста айта кету керек, бұл құлшылық үйі жергілікті ауыл тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің арқасында асар жолмен салынған екен. Бұл – халқымыздың асыл дінімізге деген көзқарасының оң екенін, жүрегіндегі иманның көбейгенін, жамағат жиналып бес уақыт намаз оқып, Алланы еске алып, уағыз тыңдап отыратын мекеннің болғанын қалаған адал ниетін көрсетеді", – деп, жиналған жамағатты мешіттің ашылуымен құттықтады.

Жаңадан салынған мешіттің көркі көз тартады. Биік төрт мұнара мен ортасындағы үлкен күмбезі мұсылман баласын алыстан менмұндалап шақырады. "Көбей ата" мешітінде бір уақытта 300 адам намазға жығыла алады. Мешіт ауласына кіре беріс оң бұрышта имамның, қарауылдың және діни сауатын ашуға ниет еткендерге арналған оқыту бөлмелері орналасқан.

Құлшылық орны әжетхана мен өзге де қажетті орындармен қамтамасыз етілген.

Мешіттің ішін жарықтандырған адамға Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүйсініп: "Исламды нұрландырдың, Алла сені бұл дүниеде және ақыретте нұрландырсын" деп батасын берген. Мешітке жарық қойған кісіге Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тарапынан осындай бата берілсе, онда мешіттің өзін салған кісіге Алланың сыйы шексіз екенін аңғару қиын емес. "Көбей ата" мешітін салуға атсалысқан күллі мұсылман бауырларымызға Алла Тағала разы болып, екі дүние бақытын берсін!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу