ОҚО-да тәулік бойы жұмыс істейтін тіс емханасы ашылды

1320

ОҚО-да тәулік бойы жұмыс істейтін тіс емханасы ашылды

Оңтүстік Қазақстан облыстық тіс емдеу емханасы халыққа тәулік бойы қызмет етуге көшті. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұйрығымен азаматтардың түнгі уақытта да ем қабылдауы үшін осындай қолайлы жағдай жасалды. Енді тәуліктің кез келген уақытында облыс тұрғындары таңнын атысын күтпей-ақ дәрігердің көмегіне жүгіне алады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

"Біздің емханада 195 адам жұмыс істейді. Оның 68-і дәрігер-стаматолог, 66  медбике. Бүгінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша халыққа тәулік бойы қызмет ету мақсатында 4 бригада – 4 дәрігер, 4 медбике және 4 санитар түнгі мезгілде науқастарды қабылдауда. Бұл елімізде алғаш қолға алынған шара. Бұған дейін бізде жылына 200 мыңға жуық адам тегін ем алып келген. Ал, күніне 400-ден астам адам ем қабылдайды. Енді тәулік бойы жұмыс істеген соң емханаға қаралуға келетіндердің саны бұдан да артатыны анық. Басқарма тарапынан барлық жағдай жасалған. Науқастарды емдеуге, оларға көмектесуге толық мүмкіншілігіміз бар. Тек сырқат адам таңды күтпей-ақ Шымкент қаласы, Т.Айбергенов көшесі 5-В ғимаратында орналасқан емханаға келуге тиіс. Бізге жедел жәрдеммен жетуі міндетті емес", – дейді облыстық тіс емдеу емханасының бас дәрігері Ерғали Орманов.

Ақпан айы басталғалы, мұнда 7 күнде түнгі мезгілде 24 адам тістерін емдеткен. Аудан-ауылдардан келгендер де бар. Дегенмен, олардың 17-сінде тіс сырқатының асқыну белгілері анықталғанын тілге тиек еткен Ерғали Керімбекұлы облыс тұрғындарын жылына екі рет медициналық тексерулерден өтіп тұруға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу