Түркі жұртының рухани да киелі астанасы – Түркістан төрінде бүгін түркітілдес халықтардың әні әуелеген күн болды. "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесі аясында өткен мерекелік гала-концертте түркітілдес елдер мен Қазақстанның 160-тан астам өнер жұлдызы өнер көрсетіп, әннен шашу шашты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Халықаралық деңгейде өткен шараны Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері "Наурыз" әнімен ашса, Қазақстан, Татарстан Республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева "Қазақ вальсі" әнін орындап, ғажайып кештің кезегін шетелдік өнер майталмандарына берді.
Болгариядан келген "Турксадер Родоп Эсинтилери" ансамблі "Тракия" биін билесе, алтайлық ағайындар ұлттық әннен попурри орындады. Мажарстандық "Forras" ансамблі венгр халық әнін айтып, чуваштық күміскөмей әнші Вера Шуркина өз тілінде ән шырқады.
Жалпы гала-концерттегі мерекелік 20-дан астам нөмірде 10-нан астам шетелдік жұлдыз – гректер мен солтүстік Кипр өнер ұжымдары, румындықтар, саха-якуттар, Молдаваның Гагауыз елі, қалмақ ұлттары, Македониядан келген өнер ұжымы, моңғолдықтар, өзбекстандық әнші-бишілер түркінің төрінде өткен думан тойда жырдан шашу шашып, бір жасап қалды.