Түркістан қаласында "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" аясында TURKSOY ұйымына мүше елдер арасында фотосуретшілердің кездесуі өтті. Жиынға Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан және Қазақстанның Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кәсіби 16 фотосуретші шақырылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталық базасындағы кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков – қоғам шындығын тарихта қалдыратын фотосуретшілер екенін айтты.
"Жалпы фотоөнер дегеніміз – фотосуретті негізгі ойды білдіру құралы ретінде қолданатын өнердің ерекше түрі. Сонымен қатар, фотоөнер – журналистиканың ұшқыр саласы. Ол – қасқағым сәттің шежіресі. Ерекше қырағылықты, ептілік пен қағілездікті талап етеді. Кәсіби маман түсірген суреттің өзі "сөйлеп" тұрады. Бүгінде тақырыпты бір кадрмен-ақ ашатын, тосын сәтті қағып түсіп, адамның болмысын қасқағым сәттегі бейне арқылы ашатын шеберлер аз десек, солардың бірегейлері – бүгінгі кездесуде жиналып отыр", – дейді Ұласбек Сәдібеков.
Бұл шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаты – тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени мұраларын, сәулет ескерткіштерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тарихи орындары мен әсем табиғатын насихаттау арқылы түркітілдес елдердің талантты фотосуретшілерімен тәжірибе алмасу.
Фотосуретшілер 4 шығармашылық топқа бөлініп, оңтүстік өңірінің барлық ауданы мен қаласында, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында жұмыс істеді. Жекелеп айтсақ, І топ Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау қорығы аймақтарында, ІІ топ Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай аудандары мен қалаларында, ІІІ топ Созақ, Бәйдібек, ІV топ Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандарында шығармашылық фото жұмыстар жасады. Түсірілген фотосуреттерден арнайы көрмеге 100 дана фото жұмыс қойылды.