ОҚО-да жабайы жануарларды көбейту үшін фазанарий құрылды

1578

ОҚО-да жабайы жануарларды көбейту үшін фазанарий құрылды

ОҚО-да жабайы жануарлардың өсімін молайту мақсатында өткен жылы фазанарий құрылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде құрылған фазанариде "Елік", "Қырғауыл" тұқымбақтары, ал Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлеккеттік орман қоры жерінде "Құлан мен қарақұйрық" тұқымбақтары жасақталған. Ондағы 200 гектар аумақта құлан және қарақұйрық, 10 гектар жерде Сібір елігі мен 2 гектар аумақта қырғауыл құсын қолдан өсіру жоспарлануда.

Осы жылы елік тұқымбағына Алматы облысының Іле өзенінің бойынан 20 бас елікті, яғни, 3 аталық, 12 аналық және 5 төлін аулап, алып келу көзделуде. Елік - бұғылар тұқымдасына жататын жұптұяқты, сүтқоректі жануар. Еліктің Еуропа, Сібір, Маньчжур үш түрі таралған болса,  Қазақстанда Сібір түрі  кездеседі. 

Ал қырғауыл тұқымбағында бүгінде 34 бас құс бар. Олардың жұмыртқасы алынып, инкубаторлық жолмен көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Қырғауыл - отырықшы құс. Ұясын ну қамыстың, қалың бұтаның арасына жерге салады. Сәуір-мамыр айларында 7-18 жұмыртқа салып, 21-27 күнде балапан басып шығарады. Балапандары жұмыртқадан жетіліп шығады, мамығы кепкен соң жемін өзі аулайды.

Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты мемлекеттік орман қоры жерінде салынғанқ құлан мен қарақұйрық тұқымбағына 2018 жылы аңның 20 басын (15 аталық, 5 аналық) және қарақұйрықтың 20 басын (3 аталық, 12 аналық және 5 төлі) Алтын емел ұлттық табиғи саябағынан аулап, алып келу жоспарлануда.

Құлан – тақтұяқтылар отрядына жататын жабайы жылқы. Қазір Қазақстанда 3 мыңдай құлан бар. Құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

Ал қарақұйрық– сүтқоректілер класының қуысмүйізділер тұқымдасына жататын аң. Қазақстанда бар-жоғы 13 -15 мыңдай. Оның 5 – 7 мыңы Алтын емел ұлттық табиғи саябағында, қалғаны Үстірт қорығы мен Ақтау – Бозащы қорықшасында қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

Бұған дейін, яғни, 2000 жылы Сырдария өзенінің жағасындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде "Бұхар бұғылары тұқымбағы" құрылған болатын.

Жоғарыда аталып өткен жануарлар дүниесін қорғау және молайту мақсатында құрылған барлық тұқымбақ құру шаралары республикадағы жергілікті атқарушы органдар бойынша тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана атқарылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу