Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы "Agro Green" ЖШС өңірде алғаш рет ірі көлемде қозықұйрық өсіруді қолға алып отыр. Осы жылдың басында жұмысын бастаған серіктестік жылына 200 тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыста қозықұйрық өсірумен айналысатын ең алғашқы ірі жоба саналатын ферманың жұмысымен журналистер облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында танысты.
Қозықұйрықтың А15 сортын өсіріп шығаратын ферма тұқымды Голландия елінен әкеледі. Фермада ауданы 280 шаршы метр 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни шаруалар жылына 4 рет өнім алады. Қазір осы камераларда өскен қозықұйрықтың келісін 800-1000 теңгеден өткізіп отыр. Алғашқы өнімін жинаған ферма бүгінге дейін 5 тонна өнім жинап, оны Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларының нарығына шығарды. Қозықұйрықтың адам ағзасына тигізер пайдасының мол екенін айтқан ферма басшылығы бұл кәсіпті Польша еліндегі әріптестерінен үйренгенін айтады.
Қозықұйрықтар жеуге жарайтын басқа саңырақұлақтар сияқты құнды ақуыздарға, көмірсулар мен органикалық қышқылдарға бай. Сонымен қатар құрамында PP, E, D, B дәрумендері, жүрек-қан тамырлары жұмысына жайлы әсер ететін кальций, магний, мырыш бар.