ОҚО-дан ЭКСПО-ға 4 мыңға жуық оқушы барады

660

ОҚО-дан ЭКСПО-ға 4 мыңға жуық оқушы барады

Оңтүстік Қазақстан облысынан еліміз үшін маңызы ерек жобаны тамашалауға 3 750 оқушы қатысады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жас туристер станциясының директоры С.Өмірбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, "ЭКСПО - 2017" көрмесін тамашалауға облыстық білім басқармасы мүмкіндігі шектеулі балалар, оқу озаттары мен олимпиада жеңімпаздарының қатысуын ұйымдастырып жатыр. Бұдан бөлек жекелеген демеушілер де мектептерге билеттер ұсынып, елордаға саяхаттап қайту шарасын қолға алып жатыр.

Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 139 зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі азаматты көрмеге алып бару мәселесін пысықтап жатыр.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев көрмеге баратындарға 15 сәуірден бастап пойыз бен ұшаққа билет сатылатынын мәлім етті. Сонымен қатар ол 15 пайызы ұшақпен бірқатары пойызбен жететінін айтып, олардың билеті алдын-ала брондалып қойғанын және астанаға жүретін пойыздарға қосымша вагондар тіркелетінін жеткізді.

"Көрме кезінде әрі-бері жүріс үшін 16750 орынды дайындап отырмыз. Сондай-ақ Астана қаласына көрмеге қатысатындарды тасымалдау үшін қосымша 45 орынды 10 автобус және лицензиясы бар тұрақты емес 9 тасымалдаушы компания дайын", – дейді Мақсат Мырзабаев.

Жалпы бүгінде Оңтүстікте халықаралық мамандандырылған көрмені халық арасында кеңінен насихаттау жұмысы мен дайындық шаралары қызу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, көрмеге келетін қонақтарды облысқа тарту мақсатында арнайы туристік маршруттар әзірленіп, "ЭКСПО-2017" көрмесі қонақтарына арналған ресми маршруттар тізіліміне енгізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу