ОҚО-да бақша өнімдерін өндірумен танымал Мақтааралда қауын-қарбыз пісті. Ерте пісетін бақша дақылының түрін еккен шаруалар бүгінде 55 тонна қауын, 45 тонна қарбыз жинап, алғашқы өнімін Ресейге жөнелте бастады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Мақтарал ауданында бақша өнімдері былтырғыға қарағанда 10-15 күн ерте пісті.
Биыл ауданда жалпы 19 500 гектарға қауын, 8 мың гектардан астам жерге қарбыз егілген. Оның ішінде ерте егілген бақша дақылдарының көлемі 13 200 гектарды құрайды.
Қарбыздан алғаш боп өнім алған "Әбіш-ата" шаруа қожалығы 20 тонна өнімін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қарбыздың келісін 140 теңгеден босатқан. Аталған қожалық 3 гектар жерге егілген қарбыздан гектарына 30 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.
"Мақтарал ауданының негізгі күнкөрісі - егіншілік. Сондықтан мақтаралдық диқандар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалануды ойлайды. Екі қабатты пленкаға ерте пісетін қауын-қарбыз, баклажан, балгарский егеді. Бүгін міне, қарбыздың алғашқы өнімі Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтілді. Биыл мақтаралдық шаруалардың өнімі өтімді әрі өнімді болады деген сенім мол", - деді аудан әкімі.
Айта кетейік, былтыр ОҚО диқандары 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, соның 631 мың тоннасы мақтаралдық диқандарға тиесілі болды.