ОҚО ЭКСПО-2017 көрмесіне 4 мыңға тарта оқушы жібермекші

642

ОҚО ЭКСПО-2017 көрмесіне 4 мыңға тарта оқушы жібермекші

Астанада "Болашақ энергиясы" тақырыбында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 3750 оқушы барады.

Өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет және демеушілер есебінен ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама беріледі.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Жансейіт Түймебаев  ЭКСПО-ға баратын мектеп оқушыларымен Шымкент қаласындағы "Оқушылар сарайында" арнайы кездесіп, олардың дайындаған көрмесі мен концерттік бағдарламасын тамашалады.

Ең алдымен әкім "ЭКСПО-2017 – оқушылар көзімен" тақырыбындағы көрмені аралап көріп, "ЭКСПО-2017 – Қазақстанның болашағы" атты салтанатты шараға қатысты.

Тарихи оқиғаның куәсі болғалы отырған оқушыларға сәттілік тілеген аймақ басшысы мұндай мүмкіндіктер, егеменді еліміздің жастарға деген үміті мен қолдауы екенін айтты.

"Бұл көрменің сіздер үшін  ұмытылмас әрі пайдалы естелік болатынына және көрмеден алған әсерлеріңіз шығармашылықтарыңыздың шыңдалуы мен болашақта ғылыми жаңалықтардың ашылуына сеп болады деп сенемін. Сіздер Тәуелсіз еліміздің тірегісіздер. Сондықтан әрбіріңіз мәңгілік еліміздің беделін асыратын намысты әрі білімді және білікті азамат болып өсіп, елдің мақтанышы болуларыңызға тілектеспін", – деді облыс әкімі.

Мұнан соң қонақтар "Болашақ энергиясы" ЭКСПО-2017" тақырыбында оқушылардың қатысуымен өткен флешмобты, "ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – балалар әлемінде" атты сахналық көріністі тамашалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу