ОҚО-ға саяхаттаушылар саны 30 пайызға артқан

1116

ОҚО-ға саяхаттаушылар саны 30 пайызға артқан

Бұл туралы ОҚО Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сүюбаев айтты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Басшы орынбасарының мәліметінше, өткен 2016 жылы аймақтағы орналастыру орындары - қонақ үйлер мен лагерьлерде, демалыс орындарында аялдаған туристердің саны 142 мың адамға жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда 33 мың адамға (30,4 пайызға көбейген) өсті. Сәйкесінше, саяхатшылардың тұрақтау орындары да көбейген. Мәселен, былтыр Оңтүстіктегі орналастыру орындарының саны 167-і болып, 2015 жылмен салыстырғанда 27,4 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, былтыр аталған қызмет көрсету орындарымен көрсетілген қызмет көлемінің қаржысы 2 млрд теңгеге (1 991 303,6 мың теңге.) жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда (1 408 972,4 мың теңге.) 41,3 пайызға көбейген.

"2016 жылы өңірдің туристік танымалдығын арттыру мақсатында "The Heart of the Silk Way" ("Жібек жолының жүрегі") туристік бренді әзірленді. Сонымен қатар, "Ontustik Tourism Center" Туристік ақпараттық орталығы" мемлекеттік коммуналдық мекемесінің  салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Онда "Бір терезе" қағидасы бойынша жергілікті тұрғындарға және шет елдік туристерге қызмет көрсетілуде. Мысалы, 2016 жылы Орталық туристік бизнес өкілдеріне және гидтерге арналған ағылшын тілін білу деңгейін жоғарылату, туризм бойынша менеджмент стандарттары, мейрамхана бизнесі және маркетинг, қонақ үй бизнесі және басқару, гид-экскурсоводтардың қызметі сынды  тақырыптарда семинар-тренингтер өткізді", – деді А.Сүюбаев.

Осы сынды салада атқарылған жұмыстарға есеп берген Алмат Сағынтайұлы биылғы туризмді дамыту аясында атқарылатын шаруалардың ретін атады. 2017 жылға арналған жоспарға сәйкес, саланы дамыту 4 бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда, олар - өңірдің туристік имиджін маркетингтік ілгерілету, туризм саласында қызмет көрсету сапасын арттыру, туризмді дамытудың жүйелі мәселелері және туризм инфрақұрылымын дамыту.

Мысалы, өңірдің туристік имиджін маркетингтік ілгерілету бойынша жоспарланған негізгі іс-шаралар шеңберінде "Оntustiktravel.kz" сайтын және "ON Guide" мобильдік қосымшасын қосымша қытай, араб және түрік тілдеріндегі ақпараттармен толықтыруды қамтамасыз ету жоспарланып, облыс бойынша оқиғалы іс-шаралар күнтізбесін әзірлеп, "Оntustiktravel.kz" сайтына орналастыру сынды шаралар көзделген. Мұнан бөлек, 2017 жылы туризмнің инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда. Оның ішіне бірқатар зәкірлік жобаларды жүзеге асыру бойынша шаралар енгізілген. Атап айтқанда, "Сарыағаш", "Түркістан", "Шардара", "Қасқасу" және туристік маршруттардың бойында кіші инфрақұрылымды дамыту жоспарда бар.

Сонымен қатар, тілшілермен болған кездесуде облысымыздың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындығы да айтылды. Өңірімізге келетін қонақтар үшін әзірленген үш және бес күндік туристік бағыттар ішінде Отырар, Түркістан, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас және Сайрам сынды аудан, қалалар қамтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу