ОҚО-ның Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылдық округіндегі "Береке-мақта" ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі биыл толағай табыстарға кенелді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
2016 жылы құрылған кооперативтің 6 832 гектар жері бар. Оның ішінде 5 740 гектар мақта, 660 гектар бақша, 2 гектар көкөніс, 40 гектар жаңа жоңышқа, 150 гектар ескі жоңышқа, 229 гектар дәндік жүгері, 11 гектар сүрлемдік жүгері егілген. Биылдың өзінде кооператив 5740 гектарға мақта егіп, әр гектарынан 24-25 центнерден өнім алуда. Мақтаның алғашқы қол терім жұмыстарын қыздырып жатқан кооперативте бүгінде 100-ге жуық адам мезгілдік жұмыстарға жұмылдырылыпты. Терімшілерге мақтаның әр келісіне 25 теңгеден төленуде.
"Қол терім жұмыстарын жүргізген әр адам күнделікті 5-6 мың теңге тауып отыр. Жұмыс аса қиын емес. Мақта терімі кезінде отбасымызды бағып, табыс табуға мүмкіндік берген кооператив басшыларына алғыс айтамын", - дейді Қазыбек би ауылының тұрғыны Муктабар Ырзиметова. Жалпы саны 188 дана техникасы бар кооператив "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығынан 2016 жылы 25 миллион теңге, ал биыл 100 миллион теңге несие алыпты. Кооператив төрағасы бұл мүмкіндіктерге бір ауыздан бірігудің арқасында қол жеткізіп отырмыз дейді.
"2016 жылы Қазыбек би ауылдық округіндегі 794 шаруа қожалығы бір ауыздан бірігіп, кооператив құрдық. Сөйтіп, әр шаруақожалығына тиесілі жерлерді біріктірдік. Бірігудің арқасында биылдың өзінде лизингке су жаңа 12 трактор алдық. Жанар-жағармай мен тыңайтқыштарға да жеңілдетілген бағада қолжеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтып, табысымызды еселей түсеміз", - дейді кооператив төрағасы Мұрат Құрбанов.