ОҚО мен Оңтүстік Корея ынтымақтастық меморандумын түзді

720

ОҚО мен Оңтүстік Корея ынтымақтастық меморандумын түзді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Корея Республикасының денсаулық сақтау саласындағы бір топ үздік дәрігермен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Корея денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне қарасты KHIDI үкіметінің өкілдерімен болған басқосуға алдыңғы қатарлы төрт клиниканың мамандарын KHIDI халықаралық денсаулық сақтау департаменітінің директоры О Джонг Хи бастап келді.

Екіжақты әңгімеде өңір басшысы мәртебелі меймандарға арнайы жұмыс сапары үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта Оңтүстік Корея дәрігерлері мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы осы саланың жетекшілері тәжірибе алмасу мақсатында тығыз қарым-қатынаста ынтымақтастық орнататынына сенім білдірді.

"Оңтүстік Қазақстан облысы – Ұлы Жібек жолының бойы, тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір. Аймағымыз Азия мен Еуропаның қақ ортасындағы мекен деуге де келеді. Табиғаты қолайлы, климаты тамаша облыста еліміз бойынша халықтың тығыз орналасқанын да айта кету керек. Мұнан бөлек, республиканың күнгейінен орын алған жермен отандық және шетелдік азаматтардың жиі келім-кетімі орын алатынын ескерсек, біздің облыстан Оңтүстік Кореямен бірлескен медицина саласына бағытталған жоғары оқу орнын салуға болады деп есептеймін. Сонымен бірге, өңірде қайта оқытып, білімін жетілдіруге болатын медицина саласынының мамандары көп", – дейді әкім.

KHIDI халықаралық денсаулық сақтау департаменітінің директоры О Джонг Хи Оңтүстіктегі медициналық қызмет сапасын арттыру үшін екі бағытта жұмыс істеу қажеттігін айтты. Оның біріншісі – өңірдегі медицинаға заманауи технологиялар мен медициналық құрылғыларды ендіру болса, екіншісі – дәрігерлерді біліктілікті арттыру курстарында оқыту. Оқыту жұмысының дәл қазіргі таңда Сауд Арабиясындағы дәрігерлермен жүргізіліп жатқанын жеткізген О Джонг Хи мырза мұндай байланыстың Кувейт мемлекетімен де ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді.

Жиын қорытындысында тараптар бірлескен жұмысты дамыту аясында өзара уағдаласып, Оңтүстік Кореяның 4 клиникасымен ынтымақтастықты арттыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Корея Республикасы денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты (KHIDI) арасында түзілген ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу