Оңтүстіктік Қазақстан облысының 300 тұрғыны Ақмола облысында ірі кәсіпорындардың бірі – "Новопэк" компаниясында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Мұндай келісімге облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мен "Новопэк" ЖШС-ның басқарушы директоры Айдар Жақыповпен болған екі жақты меморандум аясында қол жеткізілді.
Еңбек күші айтарлықтай артық Оңтүстіктен жұмыс күшінің тапшылығы сезілетін Ақмола облысына тұрғындарды қоныстандыру мақсатында жасалған меморандум аясында зауыт басшысы Айдар Жақыпов облыстан баратын 300-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып, баспана мәселесін шешуге көмектесетінін айтты.
Өткен аптада Ақмола облысының әкімі Мәлік Мурзалин Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары аясында полиэтилен қабын шығаратын "Новопэк" зауыты мен басқа да өндірістік кәсіпорындарда жұмыс күшінің тапшылығы байқалатынын айтқан болатын. Осының негізінде Шымкент пен Көкшетау қаласы арасындағы байланысты нығайту мақсатында бірқатар компания мен Оңтүстіктегі мемлекеттік мекемелер арасында екі жақты келісім жасалды.
Мәселен, "Шымкент" ӘКК ҰҚ мен "Есіл" ӘКК ҰҚ арасындағы ынтымақтастықты күшейту туралы және "ENKI" ЖШС мен ОҚО құрылыс басқармасы өзара меморандум түзді. Келісімдер екі облыс арасындағы қаржылық даму мен ынтымақтастық байланысты күшейтуге бағытталған.
2003 жылы негізі қаланған "Новопэк" компаниясы – полимерлі қаптама нарығында көпжылдық көшбасшы. Зауыт Аустрия, Италия, Түркия және Тайвань елдерінің заманауи құрал-жабдығымен жабдықталған. Аумағы 45 мың шаршы метр кешен 600 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар. Бүгінде өндіріс орны айына 8 млн дана өнім шығарады.