ОҚО-ның сыртқы тауар айналымы жарты жылда 928 миллион АҚШ долларын құрады

1121

ОҚО-ның сыртқы тауар айналымы жарты жылда 928 миллион АҚШ долларын құрады

ОҚО бойынша кiрiстер департаментi 6 айдың қорытындысын шығарды. Аймақтық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте департамент басшысы Алтынсары Үмбетәлиев журналистерге жартыжылдықтағы жаңалықтарды жария еттi, деп хабарлайды okg.kz.

Салықтың жайы халықтың жағдайымен етене байланысты екенi мәлiм. Құрылғанына үш жыл болған кiрiстер мекемесiнiң негiзгi мiндетi – бюджеттiң кiрiс бөлiгiн қаржымен қамтамасыз ету. Алтынсары Дүйсенбекұлының айтуынша, алты ай iшiнде мемлекеттiк бюджетке межеленген 138,5 миллиард теңгенiң орнына 147 миллиард теңге өндiрiлген. Ал, республикалық қазынаға 89,5 миллиард, жергiлiктi бюджетке 57,5 миллиард теңге түсiрген.

"Өңiрдiң сыртқы тауар айналымы алғашқы жартыжылдықта 928 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 169 миллион долларға өскен. Ал, тауар экспорты — 37, импорт 140 миллион АҚШ долларына көбейсе, кедендiк төлемдер мен салықтар 3,1 миллиард теңгеге артқан. Атап өтетiн жайт, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы қатынастың қайта жаңғыруы экономикалық ахуалдың жандана түсуiне сеп болып отыр. Соның дәлелiндей, "Сырдария" және "Целинный" өткiзу бекеттерiнiң ашылуы екi елдiң ынтымақтастығынан бөлек, тауар айналымының өсуiне, сауданың дамуына оң әсерiн тигiзетiнi сөзсiз", — дедi департамент басшысы.

Мұнан бөлек, департаменттiң экономикалық тергеу қызметi жалған кәсiпкерлiк, контрабанда, ойын бизнесiн заңсыз ұйымдастыруға байланысты бiрқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Мәселен, алғашқы 6 айда заңсыз кәсiпкерлiкке қатысты 431 қылмыстық iс түссе, соның 297-iне тергеу жүргiзiлген. Осындай заңды айналып өтудiң салдарынан мемлекетке 12 миллиард теңге залал келген. Қазiргi таңда соның 650 миллион теңгесi қайтарылып отыр. Ал, контрабандалық фактiлер бойынша 31 миллион теңгенiң тауары тәркiленген.

"Қарызы бардың қадамы қысқа болатынын түсiндiру – басты мiндет, — дейдi Алтынсары Дүйсенбекұлы. – Салықшы бейнесi халық санасында әлi күнге дейiн қадағалаушы, бақылаушы сияқты. Бiрақ, бiз бұл стереотиптi бұзып жатырмыз. Жазалаушы емес, кеңесшi ретiнде кәсiпкерлерге көмек бергiмiз келедi. Күнделiктi кiрiсi аз мекемелердiң жұмысы дұрыс жүрiп, табысы молайғанына бiз де мүдделiмiз. Өйткенi, бюджет салықтан құралады. Қазiр кәсiпкерлер де бiзге бой үйрете бастады. Табысын жасырып, қулығын асырғысы келетiндердi қатаң бақылауға аламыз".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу