Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары 328 мың тонна шитті мақта жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 мың тоннаға артық, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Орташа түсімділігі гектарына 24,5 центнерден жиналған ақ алтынның 196,6 мың тоннасы немесе 60 пайызы машинамен терілді. Яғни, мақта алқаптарында 500 ден астам комбайн теру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде жиын-терім науқаны толығымен аяқталды.
Бүгінде Оңтүстік шаруалары жаңа технологияларды қолдану мен ізденістің арқасында мақта талшығының 10 сұрыпын жасап шығарған. Мақтаның мұндай элиталы сұрыптарының түсімділігі 38-40 ц/га дейін жетеді. Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Ресей, Беларуссия, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея сынды 10 мемлекетке экспортталуда. Жыл басынан бері аталған елдерге 30 мың тоннаға жуық мақта талшығы жөнелтілген.