ОҚО Түлкібас ауданының атауы өзгеретін болды

1465

ОҚО Түлкібас  ауданының атауы өзгеретін болды

ОҚО Түлкібас ауданының атауын  "Түркібасы" деп өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірдегі жер, су аттары тарихи атауларын қайта алып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.  Бүгін бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Сессия жұмысына облыс әкімі,  қала және аудан әкімдері, аудандық, облыстық аумақтық департаменттер мен басқармалардың, ұйымдардың басшылары мен  БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібінде негізгі 21 мәселе қаралды. Атап айтқанда облыстық жер инспекциясы басқармасы басшысының жердің пайдаланылуы  мен қорғалуын бақылау  жөніндегі  есебі, облыстық  мәслихат  қызметін ұйымдастыру,  депутаттардың  сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар және облыстық мәслихат аппаратының қызметі жөніндегі есебі талқыға түсті. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сабитов баяндама жасады. Басқарма басшысы депутаттардан 21 жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекітуді сұрады.  Оның ішінде 3 құрылыс,  2 автомобиль жолдары,  1 электрмен қамтамасыз ету  нысандары бар. Бүгінде аталған жобалардың құжаттамалары толық әзірленіп, тиісті сараптамадан өткен.              

Сессия барысында азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру, республикалық ономастика комиссиясының қарауына облыстағы Түлкібас ауданының атауын қайта атау жөніндегі ұсынысы енгізілді.

"Соңғы жылдары бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кеңес заманында ауданның тарихи аты бұрмаланғаны тарихшы ғалымдарға да белгілі. Сондықтан Түлкібасы атауын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймын. Аталған мәселе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат тиісті шешім шығарып, облыстық ономастикалық комиссияда қаралды. Соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайтын болады", - деді Жансейіт Түймебаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу