ОҚО жастары Наурыз мерекесінде ұлттық ойындардан сайысқа түсті

770

ОҚО жастары Наурыз мерекесінде ұлттық ойындардан сайысқа түсті

Кеше облыстық "Жастар ресурстық орталығында" "Ұлыстың ұлы күні – Наурыз" мейрамына орай облыс жастары арасында "Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз" атты мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шара барысында аудан, қалалардан келген жастар арасында қол күрес, қазақша күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру, ұлттық қолөнер шығармашылығы және дәстүрлі ән айтудан сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табысталды.

Нақтырақ айтсақ, қол күрестен шымкенттік Мағжан Шәмиев ешкімге дес бермей, 1-орынды алса, 2-орын жерлесі Ақтай Талғатқа, 3-орын шардаралық Әбілда Ержанға бұйырды.

Арқан тарту сайысынан мақтарааралдық жастарға ешкім тең келген жоқ. Күш атасы – Қажымұқанның ізбасарлары ретінде шымкенттік қатысушылар 2-орынды, төлебилік жастар 3-орынды иемденді.

Ал кір тасын көтеріп сайысқа түскендерден 1-орынды Шардара ауданынан Айнабек Мұрат, 2-орынды Сарыағаш ауданынан Бақытжан Тұрдықұлов, 3-орынды Төлеби ауданынан Мұхтаржан Сералиев иемденді.

"Ұлттық қолөнер шығармашылығы" байқауында 1-орын Қанат Кеңесовке (Сарыағаш ауданы), 2-орын Жанайым Нұрділлаеваға (Шымкент) табысталды. 3-орын Ақерке Жолдасқа (Бәйдібек ауданы) бұйырды.

Ал "Дәстүрлі ән салу" сайысында созақтық жастың бағы мен бабы қатар шапты. Ән айтудан Елдос Жүсіповтің мерейі үстем болса, шымкенттік ару Айлез Назерке де жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Үздік үштіктің құрамында Төлеби ауданының намысын қорғап келген Ханыбек Тоқтақұлов та бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу