Оңтүстік Қазақстан облысында жол саласы мамандары қыста атқаратын міндеттерін аяқтап, көктемдегі шараларға кірісіп кетті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Нақтырақ айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу шараларын ұйымдастырып жүрген "Оңтүстік жолдары" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандары бүгінде Түркістан және Арыс қалалары мен Созақ, Түлкібас, Ордабасы аудандарында жағдайды қалпына келтіріп, көліктердің қауіпсіз ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету жұмысын қолға алды. Жұмысты атқаруға мекеменің 100-ден астам жұмысшысы жұмылдырылған.
"Оңтүстік жолдары" жұмысшылары дәл қазір Созақтағы КХ-57 "Созақ-Қарағұр-Бақырлы" автомобиль жолындағы су құбыры бұзылған 37+900 шақырымын қайта қалпына келтіріп, монтаждау жұмысын жүргізген болса, Түлкібастың КХ-69 "Тастұмсық-Жыланды-Азаттық-Шұқырбұлақ" автомобиль жолының 69+950–69-650 шақырымындағы су құбырларындағы тасқын суды арнайы техникамен қалпына келтіру шаруасын атқарып жүр.
Түркістанда да жағдай осы іспеттес. Онда қазір КХ-58 "Түркістан-Балтакөл-Нұртас ауылы-Шорнақ-Қарнақ-Кентау" 69+500 шақырым аралықтарын және КХ-84 "Түркістан-Балтакөл" автомобиль жолының 19-26 шақырым аралықтарында тасқын су жүрді. Нысандағы бүгінгі ахуалды мамандар дамбы салу арқылы тұрақты жағдайда ұстап отыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолы басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың мәлімдеуінше, жауын-шашын басылып, тасқын судан келетін қатер басылғанша мекеме мамандары жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды. Ал жалпы жоғарыда аталған аудан, қалалардан өзге өңіріміздің басқа да аймақтарындағы ахуал қанағаттарлық.