Өкпені желдету аппаратын 3 есе қымбатқа сатып алған басшылар тергеліп жатыр

972

2500-ден астам дәріханаға, 200 медициналық бұйым қоймасына, 250 аурухана мен емханаға мониторинг жүргізілді. 

Өкпені желдету аппаратын 3 есе қымбатқа сатып алған басшылар тергеліп жатыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының дәрі-дәрмекті алыпсатарлық фактілерінің жолын кесу жөніндегі тапсырмасы қалай орындалып жатқанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Еліміздің барлық өңірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, "Адалдық алаңы" жобалық кеңселері, арнайы мониторинг тобы, сондай-ақ азаматтық белсенділерден құрылған жұмыс топтары 2500-ден астам дәріханаға, 200 медициналық бұйым қоймасына, 250 аурухана мен емханаға мониторинг жүргізді. Жұмыс нәтижесінде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы онлайн баспасөз мәслихатында.

Ол нақты мысалдарды келтірді. Айтуынша елордалық дәріханаларда "Амлодимед" және ЦЕФ-3 препаратының бағасы қымбат бағада сатылған. Ал Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды азық-түлік базарларында және азық-түлік дүкендерінде қайта сату фактілері анықталған.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырған дәріханалар анықталса, Қостанай облысында облыстық аурухананың лауазымды тұлғасына қатысты өкпені жасанды желдету аппараттарын 35%-ға жоғары бағамен жеткізуге шарт жасасу фактісі тіркелген. Нақты бағасы 520 мың теңге болған жағдайда сатып алу 702 мың теңгеге жоспарланған.

Сондай-ақ Қызылорда облысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының 2 орынбасарына қатысты 17,4 млн теңгенің өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарын сатып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Аппараттар "СК-Фармация" ұсынған бағадан 3 есе жоғары бағаға сатып алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу