Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы дегеніміз не?

1935

Пульмонологқа қаралу ӨСОА бар пациентке дұрыс ем алуға және аурудың асқынуы дамуының алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы дегеніміз не?

Жыл сайын қараша айының үшінші сәрсенбісінде ДДҰ бастамасымен Дүниежүзілік өкпенің созылмалы обструктивті ауруына қарсы күрес күні аталып өтеді. ӨСОА тыныс алу ағзаларының ең кең таралған созылмалы ауруы және әлемдегі өлімге себеп болатын аурулардың арасында төртінші орында. Ол 40 жастан асқандарда кездеседі. Қақырық бөлініп, ентігу күшейсе бей-жай қарамау керек.

ӨСОА темекі шегу, адамның жасы, ауаның, оның ішінде жұмыс орнының ластануы, бала жасында ауырған респираторлық инфекциялар секілді факторлардың әсерінен туындайды. Бұл ретте тәуекелдің негізгі факторы – темекі шегу. Генетикалық жағынан бейімділіктің де әсері көп.

Аурудың алғашқы белгілері күн сайын, оның ішінде күндізгі уақытта жөтел пайда болады. Одан әрі таңертеңгі уақытта аздап қақырық бөліне бастайды. Кейіннен оған демігудің дамуы қосылады, ол аз ғана жүктеме немесе респираторлық инфекциялар кезінде күшейе түседі. Диагноз қою үшін пульмонологтың консультациясын алып, спирометрия әдісімен сыртқы тыныс алу функциясына зерттеу жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге темекі шегуші пациенттерге оларда сыртқы тыныс алу функциясының бұзылуын ерте анықтау үшін спирометриялық зерттеулер жүргізу қажет.

Ауру өршуінің негізгі себептері вирустық және бактериялдық инфекциялар. Осы уақытта пациент жөтел мен демікпенің арта түскендігін, бөлініп шығатын қақырық түрінің өзгергендігін байқайды. Дәрігерге кешіктіріп қаралған жағдайда аурудың асқынуының дамуы, тыныс алу жетіспеушілігінің өршу қаупі дамиды. Асқынған жағдайда пациент қабылдайтын базистік терапияны қайта қарап, оны жүйелік глюкокортикостероидтармен, антибиотиктермен толықтырып, емделуге жатқызу қажет. ӨСОА ауруына шалдыққаннан кейін денсаулық сапасы бірден қалпына келмейді, ол 1-6 айдан кейін ғана мүмкін болады.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сауле Хасенова ӨСОА бар пациенттерге асқынған ӨСОА-на аса мұқият қарауға  және уақытында медициналық көмекке жүгінулеріне кеңес береді.

Пульмонологқа қаралу ӨСОА бар пациентке дұрыс ем қабылдауға және аурудың асқынуының дамуына жол бермеуге мүмкіндік береді. Дәрігер әр пациентке қажетті ингаляторлар мен дозаларды таңдап береді. ӨСОА асқыну себебі 80% жағдайында бактериялар мен вирустар болып табылатындықтан, әр адамға жеке түрде шешілетін бактерияға қарсы препараттарды таңдау туралы сұрақ туындайды.

ӨСОА профилактикасы қауіп факторларының әсерін азайтуға бағытталған. Темекі шегуден саналы түрде бас тарту өкпе мен бронх функциясының қалыпты құрылымын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар темекі шегуден бас тартқан жағдайда ӨСОА асқыну қаупі азаяды.

Егер кәсіби зиянның әсер етуі қауіп факторы болып табылатын болса, жұмысты ауыстыру туралы ойлану қажет.

Вакцинопрофилактика жасау қажет. ӨСОА бар пациенттерге пневмококк инфекциясынан және тұмаудан жыл сайын вакцина жасау ұсынылады. Вакцина жасау кезінде пневмонияның даму қаупі, ӨСОА асқынуы, емделуге жатқызу және өлім жағдайы азаяды. Мамандандырылған медицина орталықтарында да, сонымен қатар өз бетінше үйде жасалатын өкпе реанимациясының мүмкіндіктері туралы да естен шығармау керек. Оған бронх тармағының дренажды қызметін жақсартуға бағытталған дұрыс таңдалған тыныс алу гимнастикасы, тыныс алу бұлшықеттерінің емдік массажы, емдеудің физиотерапевтік әдістері, саябақ аймақтарында серуендеу, оксигенотерапия және тыныс алу ағзаларын қалпына келтірудің басқа түрлері кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу