Майра Құспанова өзінің туған күнінде Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан аман-есен шықты. Мұнда ол тура бір ай бойы ковидтен емделді.
Сәуірдің 1-інде Майра Құспанова ауруханаға өкпенің 100 пайыз зақымдануымен ауыр халде түскен. Ол үшін екі апта бойы дәрігерлер жансақтау бөлімінде күресіп, ажалдан аман алып қалды. Ол өкпені жасанды желдету аппараты мен Higt Flow-да бес күн, өкпені инвазивті емес желдету аппаратында үш күн жатты.
"Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жатып, о дүниені көрдім десем болады. Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Гүлнара Бердалина, Гүлмира Тойбаева, Жанат Абдымолдаева, Бактияр Бекішев, Айдан Нұрлыбек және барлық медбикелер, мейіргерлер, санитар қыздарға екінші өмірді сыйлағаны үшін көп рақмет. Ковидке әлі де сенбейтін адамдарға, вакцина салдыртып, күтім жасауды ұсынамын, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ", – деді бі Майра Құспанова.
Күнделікті емдеу барысын бас дәрігер Алмаз Жұбашев бастаған аурухана меңгерушілері бақылап отырған.
"Пациенттің сауығуы түрлі мамандықтағы дәрігерлердің уақтылы көмегі, командалық жұмыс пен науқастың өзінің емделуге деген пейілінің нәтижесі. Және ең бастысы реаниматологтардың арқасы. Олар адамдарды тірілтіп қана қоймай, оларға кейін де барынша қарады", – дейді дәрігер Гүлмира Тойбаева.
Бүгін аурухана қызметкерлері дәлізге тізіліп тұрып, Майра Құспанованы үйге шығарып салды. Әрі оны туған күнімен құттықтады. Қорғаныс костюмдерінен олардың қуанышты жүздері көрінбейді. Сонда да әрбір пациенттің аман әрі сауығып кетуі – дәрігерлер үшін зор алғыс.