Оқу-ағарту министрі БҰҰ өкілімен балалардың қауіпсіздігін талқылады

301

Оқу-ағарту министрі БҰҰ өкілімен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқу-ағарту министрі БҰҰ өкілімен балалардың қауіпсіздігін талқылады Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Осы мәселелер Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидтің кездесуінде талқыланды.

Кездесу Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ өкілінің қатысуымен өтті. Жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары әрі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, ЮНИСЕФ және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері де қатысты.

Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғау жүйесінде қолға алынған негізгі реформаларға тоқталып, 2026–2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасының басым бағыттарын таныстырды.

Тараптар балаларды қорғау жүйесінің инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өңірлерде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметін жақсарту, психологиялық қолдау орталықтарының жұмысын күшейту және көмекке мұқтаж балаларды ерте кезеңде анықтау жолдары қарастырылды. Сондай-ақ тиісті қызметтердің өзара үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығы атап өтілді.

Бұдан бөлек, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, білім беру ұйымдарында психологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Балалардың көмекке жүгіну мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде "111" байланыс орталығының қызметін жетілдіруге де назар аударылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу