Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкіметте өткен брифингте лицензиясыз жұмыс істеген 66 мектепке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мектептер сапалы және оқушыларға жайлы орта қалыптастыру үшін лицензиямен жұмыс істеуі өте маңызды. Лицензиясыз жұмысты бастамау туралы жергілікті билікке үнемі ескерту жасап отырамыз. Бірақ бүгінгі күні лицензиясыз жұмыс істеген 66 мектептің бар-жоғы 18-і ғана қалып отыр. Жергілікті атқарушы органдар оқу жылына дейін мұны қалыпқа келтіру бағытында үлкен жұмыс жасап жатыр", – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тілшілердің сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, лицензиясы жоқ 18 мектептің ішінде кейбір жекеменшік мектептер де бар.
"Сіз айтып отырған жекеменшік мектептің де бір мектебі әлі лицензия алмағандардың қатарында отыр. Бұл – барлығына ортақ заңды талаптар", – деді ведомство басшысы.