Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "қыркүйек" сөзінің жазылуына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің түсіндіруінше, "қыркүйек" сөзінің "қыргүйек" болып өзгеруіне ведомствоның ешқандай қатысы жоқ.
"Негізінен бұл тіл біліміндегі өзгерістер. Осы сұрақ өзімді де қызықтырды. Сондықтан да ғалым Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуіме тура келді. Жалпы 1980 жылдардан бастап айтылым мен жазылым арасындағы белгілі бір заңдылықты сақтай отырып, емле заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланған. Бірақ өзім "қыркүйек" деп жазамын, "к" әрпін қолданамын. Бұл бізді кезінде оқытқан кездегі тәртіп пен грамматикамен жазылған дүние", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, бұл мәселеде ғалымдардың үніне құлақ асқан маңызды.
"Біздің қолданып жүрген "қыркүйек" сөзі – кезінде бізге қазақ тілінен сабақ берген ұстаздарымыздың үйреткені. Олар емле заңдылықтарын бізге түсіндірген болатын. Бірақ біз қазір "Ботакөз" емес, "Ботагөз" деп айтамыз. Сол секілді сөздің айтылуы мен жазылуындағы өзіндік ерекшелігі бар нормативтер бар. Егер қайтадан соны жандандыру керек болса, егер ғалымдарымыз, Тіл білімі институты бұны "қыркүйек" емес, "қыргүйек" деп солай дұрыс дейтін болса, меніңше, біз ғалымдардың үнін тыңдауымыз керек. Ғалымдар осы мәселеде нүктесін қою керек деп санаймын", – деп атап өтті ведомство басшысы.