Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, еліміздегі 34 кешкі мектепте 2 904 адам оқиды, оның 855-і – кәмелетке толмағандар.
"Балалардың кешкі мектептерде оқуына жол бермеу үшін тиісті бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп қабылданатын болады. Сонымен бірге ерекше білім алуды қажет ететін 237 мың баланың 71 мыңы мектепке дейінгі жаста, 166 мыңы мектеп жасында және бұл балалардың барлығы инклюзивті біліммен қамтамасыз етілген. Инклюзивті білім беруге арналған кабинеттерге қойылатын талаптарды реттейтін бұйрық қабылданды", – деді ол.
Құрылтай депутаттарының бастамасымен әзірленген "Дамуында ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы" заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Тағы бір тоқталып өтетін мәселе уақытша тергеу изоляторындағы балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қабылданатын болады (бүгінгі күнге 119 бала тергеу изоляторында)", – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.