Жиналған 30-ға жуық ата-ананың әрқайсысы "Мегамозг" орталығына 200-400 мың теңге көлемінде ақша төлеген. Балаларын қосымша сабаққа берген олар жарты жылдың төлемін алдын ала аударыпты. Қыруар қаржыны қалтасына басқан кәсіпкер білім алушылардың кейбіріне жөнді сабақ бермеген болса, кейбір оқушылар орталық табалдырығын тіптен аттап баспаған.
Орталыққа көңілі толмаған ата-аналар саны 200 ден асады. Арасында ақыны несие алып төлегендері де бар. Бірақ одан балалардың оқу үлгерімі жақсарған жоқ дейді. Үмітті ақтамаған кәсіпкер қаржыны қайтарсын деп отыр.
"ИП "Асылай" деген адам бәленбай мың ақшамызды жинап алып қашып кетіп отыр былай айтқанда.Мен көпбалалы анамыз, екі жерде жұмыс істеймін, мен де ерігіп жүрген жоқпын мысалы. Несие алып, ақша бердік мысалы. Енді бізге ақшасын қайтарсын, не болмаса сотталсын", дейді қала тұрғыны Эльвира Ізбасарова.
Наразы топ құзырлы органдарға арызданған. Қазір тергеу басталыпты.
"Мегамозг оқу орталығына қатысты арыз келіп түсті. Зерделеу барысында алаяқтық қылмыс белгілері бар екендігі анықталды. Арыз полиция департаментіне жолданып, қазір қк 190 бабы 3 бөлігі 3 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", дейді Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Берік Джамбай.
Істің ақ-қарасын прокуратура анықтайды. Ал алданған ата-аналар проблема жылы жабылмай, ақшамызды қайтарып аламыз деген үмітте.
Қымбат Даирқызы