Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауы тиіс – Жұлдыз Сүлейменова

Еліміздің бас педагогы көптен бері көтеріліп келген мәселеге нүкте қойды.  

Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауы тиіс  – Жұлдыз Сүлейменова Фото: Мәжіліс

ҚР Оқу-ағарту министр Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, мектепте мұғалім де, оқушы да өзін қауіпсіз және еркін сезінуі керек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды. 

– Биылғы Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұғалімнің маңызды рөлін атап өтіп, "Мұғалім – мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Елдің ертеңі ұстазға байланысты, сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны ең жоғары деңгейде болуға тиіс" деп шегелеп айтқан болатын. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы мектептен тыс жағдайларда туындаған оқиғалар үшін мұғалімнің жауапкершілікке тартылуының орынсыз екенін ерекше атап өтті, – деді министр. 

Осыған байланысты, келесі жылы педагогтердің құқықтарын нығайту мақсатында заңнамалық реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылмақ. Бас педагогтың айтуынша, бұл өзгерістер ұстаздардың құқықтық жағдайын жақсартуға арналады. 

– Ал, сыныптарға камера орнату мәселесіне келсек, білім беру ортасы білім мен тәрбиенің, сенім мен ашық пікір алмасудың кеңістігі болуы тиіс. Сапалы білім және тәрбие сенімділік атмосферасында ғана мүмкін. Мектепте мұғалім де, оқушы да өздерін қауіпсіз және еркін сезінуі өзекті. Қауіпсіздік үшін камералар мектептің кіреберісінде, дәліздерде, ортақ аумақтарда болуы қажет. Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауы тиіс деп санаймын, – деп сөзін нақтылады ҚР Оқу-ағарту министрі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу