Оқуға баланы білім беру басқармасы емес, мектеп қабылдайды

931

Білім беру саласы цифрлануда. 

Оқуға баланы білім беру басқармасы емес, мектеп қабылдайды

Білім және ғылым министрлігі Білім беруді цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Қанат Кенбай балаларды мектепке қабылдаудың үш түрі бар екенін айтты.

"Қазіргі таңда білім беру саласын цифрландыруға баса мән беріліп жатыр. Мысалы, балаларды 1-сыныпқа қабылдау қағаз жүзінде және электронды түрде жүргізілуде. eGov порталының білім бөлімінде білім беру бағыттары көрсетілген. Электронды цифрлы қолтаңбасы бар кез келген азамат қызметті онлайн ала алады. Жүйеге кірсеңіз, автоматты түрде балаларыңыз туралы мәліметті көресіз. Баланы қай мектепке беретініңізді таңдайсыз. Үш түрлі кезек бар: стандартты, жеңілдік алушылар және әскерилер. Алдымен өңірді, ауданды және ары қарай таңдайсыз", – деп түсіндірді департамент директоры.

БҒМ өкілінің сөзінше, баланы мектепке қабылдауды бұдан былай мектептің өзі жүзеге асырады.

"Қажетті құжаттардың электронды нұсқасын порталға жүктегеннен кейін, деректер білім беру министрлігінің автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер жүйесіне түседі. Жүйе деректерін мектептер де көре алады. Келіп түскен өтініштер орталықтандырылады. Қазір оқуға баланы білім беру басқармасы емес, мектеп тікелей қабылдайды. Ортадағы тармақтарды алып тастадық. Мектеп өзі жүйеге кіріп, өңдей алады", – деді Қанат Кенбай.

БҒМ цифрлық трансформациялау департаментінің директоры жүйе жаңадан енгізілгендіктен, кейбір уақытша техникалық ақулар болуы мүмкін екенін жасырмады. Дегенмен, барлық кемшілік дер кезінде жойылмақ.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу