Оқушы: Неліктен банктер түйе малының екі жылда бір боталайтынын ескермейді?

18892

Оқушы: Неліктен банктер түйе малының екі жылда бір боталайтынын ескермейді?

Ойыл ауданының тұрғындары баспаналарын кепілге қойып, 3 млн теңгеге несие рәсімдеп, түйе малын алған. Алайда, жануардың екі жылда бір боталайтынын алға тартқан олар банк тарапынан да несиені кемі екі жылдан кейін қайтару талап етілсе деген ұсыныс білдіріпті. Бұл туралы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа Ойыл қазақ орта мектебінің 7 сынып оқушысы Олжас Жәрдемов айтып берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

"Ойыл ауылында түйе малын көп адам баға бермейді. Тек Берсиев пен Көктоғай ауылдарында жеке-дара азаматтар түйе шаруашылығымен айналысады. Олар мал санын арттыру мақсатында үйлерін кепілге қойып, 3 миллион теңге несие алды. Қарызды бір жылдың ішінде қайтара бастау керек. Неліктен банктер түйе малының екі жылда бір боталайтынын ескермейді екен? Мен осы мәселе бойынша түйешілерді сөзге тартқан едім. Шағын зерттеу жүргізген соң, республикалық оқушылар байқауына өз жобамды әзірлеп апардым. Тіпті, бірінші орын иелендім", — дейді Ойыл қазақ орта мектебінің 7 сынып оқушысы Олжас Жәрдемов.

Мектеп оқушысы үкіметке "Сыбаға", "Алтын сақа", "Құлан" секілді түйе малына қатысты да "Боз інген" бағдарламасын қабылдаса деген өтініш айтады.

"Түйе жануарын өсіру тиімді. Оның сүйіп жейтін шөбі жантақ пен сасыр Ойыл ауданында өседі. Оған жылы қора мен құнарлы азық керек емес. Қорада қаңтар-ақпан айлары ұстайсыз. Қалған уақытта қорегін жайылып жүріп өзі тауып жейді. Егер түйе шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау болса, тек ұсақ және ірі мал емес, түйе саны да артар еді", — дейді Олжас Жәрдемов.

Оқушының пайымынша, түйе сүтінің сиырдікіне қарағанда бактерицидтік қасиеті де жоғары екен.

"Отыз градус ыстықта 24 сағат сақтауға болады. Түйенің сүтін ішкен адамның асқазаны ауырмайды. Жаман аурулардан алыс болады. Жүрек аурулары да болмайды. Әрі, бір түйенің беретін еті жылқыдан екі-үш есе артық", — дейді ол.

Түйе жүнінен жасалған көрпенің де артықшылықтарын жеткізген оқушы, өкінішке қарай, бүгінде жүн өңдеу жұмыстарының да ақсаңдап тұрғанын ашық айтты. Мәселен, кәдеге жарата алмаған көршілес облыстарда түйе жүнін өртеп жібереді екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу