Ойындар Алматы қаласында, Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті. Жеңімпаз командалар биылғы тамызда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Аталған чемпионат Ақтауда өтпек, онда әлемнің 50-ден астам елінен келетін мектеп командалары қатысады деп күтілуде. 12 жасқа дейінгі санатта бірінші орынды Шымкент қаласының №9 IT-лицейінің командасы жеңіп алса, екінші орын Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейінің командасына беріліп, үшінші орынға астаналық №72 мектеп-лицейі ие болды. 18 жасқа дейінгі санатта жүлделер былай бөлінді: бірінші орынды чемпионатты өткізетін мектептің командасы – Алматы қаласының РФММ-1 командасы, екінші орынды Алматы қаласының №92 М.Ганди атындағы мамандандырылған лицейі командасы жеңіп алса, үшінші орын Атырау облысының "Білім-Инновация" лицей-интернатына бұйырды.
Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі аясында жеке классификация жеңімпаздарының есімдері де белгілі болды. Ойыншылардың әр командасы төрт тақтада ойнайтын төрт адамнан тұрды. 12 жасқа дейінгі алғашқы тақталар арасында Сүлейман Ахмет жеңімпаз атанды.
12 жасқа дейінгі санаттағы екінші тақталар арасында бірінші орынды Нұрәлі Мұсаұлы, үшінші тақталар арасында бірінші орынды Аманбек Өтетілеу жеңіп алды.
12 жасқа дейінгі санаттағы жеке есепте төртінші тақталар арасында бірінші орынды Ибрагим Амангелді жеңіп алды.
Жеке есепте 18 жасқа дейінгілер бойынша бірінші тақталар арасында бірінші орынды Димаш Кәрібаев, екінші тақталар арасында бірінші орынды Мұхтар Айнақұл жеңіп алды. Үшінші тақталар арасында бірінші орын Зарина Нұрғалиеваға, төртінші тақталар арасында Дениз Құрманалинаға бұйырды.
Турнир қорытындысы бойынша әлем чемпионатында Қазақстанның намысын он мектеп командасы қорғайды.