Оқушылар бахил ойлап тапты

304

Атыраулық оқушылар бірнеше рет киюге жарамды бахил ойлап тапты.

Оқушылар бахил ойлап тапты Фото: siz-perm.ru

Өнім құрамы небәрі 4-ақ заттан тұрады. Тыңнан түрен салған жас химиктер бұл арқылы ақсап тұрған өңір экологиясын жақсартуға үлес қосқылары келеді. Инвестор болса, тіпті кәсіп ретінде қолға алуды қалайды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Әйгерім мен Әдияның жастар орталығындағы қосымша курсқа келіп жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Сол жерде алған білімдерінің арқасында жақында бахил ойлап тапты. Өнімнің әдеттегі медициналық бұйымнан ерекшелігі көп. Ең бастысы экологияға зияны жоқ. 

"Сабақтан шығып келе жатқанда үнемі қала ішінде шашылып жатқан бахилдерді көреміз. Сол кезде неге экологиялық таза, тез ыдырайтын осындай өнім жасамасқа деген ой келді. Дәл сол уақытта жоба қорғауымыз керек болған. Жетекшімізбен ақылдаса келе сол тауарды ойлап шығардық. Оның қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Бірнеше мәрте жуып, қолдануға болады. 2 ай ішінде ыдырап кетеді", - дейді оқушы Әйгерім Абулханова.

Крахмал, глицерин, сірке қышқылы мен қарапайым су. Бахилдің құрамына кіретін қоспалар осы. Ал қажет құрылғыдан тек кептіретін қалып пен үтік болса болғаны.

Әзірге бұл сұйықтық 1 апта тұрады. Қатқаннан кейін 1 дана бахил жасауға жетеді. Оқушылар 1 аптаның өте ұзақ уақыт екенін біледі. Сол себепті алдағы уақытта оның құрамын өзгерту бағытында жұмыс істеп жатыр.

Jas spase кеңістігіндегі химия курсының ашылғанына 1,5 жыл болған. Білім алатын 60-70 бала айына 20 шақты жоба ойлап табады. Өтімділерін өндіріп шығаруға инвестор болса, оқушылардың бизнес бастауына еш кедергі жоқ екен.

"Қазір бізде білім алып, экологиялық таза сабын ойлап шығарған оқушы сабын сатумен айналысады. Өзі инвестор тапты. Ал тауарын осы жерде өндіреді. Күніне шамамен 20 сабын шығарады. Қазір оның бәрін Қазақстан бойынша сатып жатыр. Бұл жастар үшін өте үлкен мүмкіндік", - дейді химия тренері Әсел Оңдашева.

Химияға махаббаты ерекше оқушылар бұдан өзге қант диабетіне шалдыққан тұрғындарға арналған тағам түрлерін де шығарған. Экологиялық таза өнім арасында эко тор, косметика мен жуғыш заттар да бар көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу